Ең көп баспана қай қалада сатылды?

Ең көп баспана қай қалада сатылды?

Қазақстанда 2025 жылдың қазан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 259 мәміле тіркелді. Оның ішінде 8 717 мәміле жеке үйлерге, ал 32 542 мәміле көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлерге тиесілі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл деректерді Ұлттық статистика бюросы жариялады.

Бір ай бұрынғы көрсеткішпен (қыркүйек - 41 313 мәміле) салыстырғанда, жалпы мәмілелер саны 0,1%-ға азайған.

Қай өңірлерде баспана көп сатылды

Мәмілелердің негізгі үлесі дәстүрлі түрде елдің ірі қалаларына тиесілі:

  • Астана қаласы - 8 945 мәміле (21,7%),
  • Алматы қаласы - 7 868 мәміле (19,1%),
  • Қарағанды облысы - 2 982 мәміле (7,2%).

Ал ең аз белсенділік Ұлытау облысында тіркелді - барлығы 327 мәміле (0,8%).

Өсу және төмендеу көрсеткіштері

Өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда жалпы мәмілелер саны 5,4%-ға артқан (2024 ж. - 39 143). Ең жоғары өсім:

  • Астана қаласында: +27,9%,
  • Қостанай облысында: +15,8%,
  • Шымкент қаласында: +7,7%,
  • Алматы облысында: +7,4%.

Ал керісінше, баспана сатылымы айтарлықтай азайған өңірлер де бар. Мәселен, Қызылорда облысында: 28,4%, Алматы қаласында: 11,2%, ал Ақтөбе облысында: 5,2% төмендеген.

Көппәтерлі үйлер нарығындағы ахуал

Қазан айында көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты мәмілелердің үлесі 78,9% болды (32 542 мәміле). Бұл қыркүйекпен салыстырғанда 0,3%-ға аз.

2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы тұрғын үй нарығындағы мәмілелер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға өскен. Сарапшылардың пікірінше, нарықтағы белсенділіктің артуына ипотекалық бағдарламалар, халықтың көші-қоны және инвестициялық сұраныс негізгі фактор болып отыр.