Бүгінде интернетте жалған ақпарат та, эмоцияға әсер ететін контент те көп. Осындай ақпарат тасқыны жас буынға қалай әсер етеді және олар оны дұрыс саралай ала ма? Осы мәселе Астанада өткен «JastarX» жобасының қорытынды диалог алаңында талқыланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Астанада ҚР Ұлттық музейінде жастардың ақпараттық ортадағы жауапкершілігі мен құндылықтарын талқылауға арналған 2025 жылғы «JastarX» жобасының қорытынды диалог алаңы өтті. Биылғы басқосу «Ақпарат тасқынындағы жас ұрпақ: құндылық, таңдау және жауапкершілік» тақырыбына арналды.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың ақпаратты қабылдау, талдау және дұрыс қолдану қабілетін зерттеу, фейк жаңалықтар мен манипулятивті контенттің қаупіне назар аудару және жаңа буынның цифрлық мәдениетін қалыптастыру туралы ашық пікірталас өрбіту. Кездесуге сарапшылар, Мәжіліс депутаттары, медиаменеджерлер, психологтар және журналистер қатысып, медиакеңістіктегі өзекті трендтерді талқылады.
Жиын барысында «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек ақпарат тасқынының қазіргі буынға әсері мен ақпараттық гигиенаның маңызы жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша, бүгінгі цифрлық дәуірде әр адам ақпарат толқынының дәл ортасында тұр – ол не басқаруды үйренеді, не оның ықпалында кетеді.
Айна Задабек ақпараттық гигиенаны бес негізгі кластерге бөлді. Атап айтқанда, ақпараттық гигиена, эмоционалды гигиена, технологиялық гигиена, тайм-менеджмент гигиенасы, жасанды интеллектпен жұмыс істеу гигиенасы.
Ол күнделікті өмірде эмоцияны басқару ерекше қиындық тудыратынын айтты. Әлеуметтік желіде жағымсыз жаңалықтар көп тарайды және бұл адамның көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Цифрлық жүйелер адамның қызығушылығына қарай ақпаратты өзі ұсынып, эмоцияны басқаруға да ықпалын тигізеді.
Бүгінде кейде тіпті ойлаған дүниеміз жарнама түрінде алдымыздан шығады. Бұл – цифрлық дәуірдің интуитивті алгоритмдері. Сондықтан біз эмоциямызды ақпаратқа емес, ақпаратты эмоциямызға бағындыруымыз керек, – деді ол.
Басқарма төрағасы технологиялық қырағылықтың маңызын да нақты мысалдармен түсіндірді. Халықаралық компанияларда қызметкерлерге үнемі жалған хаттар мен қоңырауларды тану бойынша жаттығулар жүргізілетінін айтып, әр адам өз деңгейінде ақпараттық тұрғыда сақ болу керек екенін жеткізді.
Айна Задабек әлеуметтік желіні басқаруда тайм-менеджмент гигиенасының да рөлі үлкен екенін атап өтті. Өз уақытын тиімді жұмсау үшін ол арнайы шектеулер қойып, әлеуметтік желіге оңай кірмеу үшін техникалық кедергілер жасап қойғанын айтты.
Сонымен қатар жеке деректердің қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды.
Кез келген сайтқа жеке деректерді қалдыруға болмайды. Жастар мұны түсінеді, бірақ үлкен буын жиі алданып қалады. Сондықтан сіздер ата-аналарыңызға, ата-әжелеріңізге түсіндіріп, бағыттап отыруларыңыз керек, – деді басқарма төрағасы.
Айна Задабектің сөзінше, болашақта механикалық кәсіби дағдылардың маңызы азайып, керісінше, коммуникация, этика, ақпаратты сараптау, soft skills, жасанды интеллектпен жұмыс істеу қабілеті маңызды болады.
Ақпарат көп. Соның ішінен не керек екенін ажырата алу маңызды. Ал жауапкершілік – цифрлық дәуірдегі ең үлкен талап, – деп сөзін түйіндеді ол.
Диалог алаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова да сөз сөйлеп, жастар тақырыбының ешқашан өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі жас буын бұрынғы ұрпаққа қарағанда әлдеқайда сауатты және көптеген мүмкіндіктерге ие.
Жастар – жылдан жылға саяси және экономикалық тұрғыдан үлкен күшке айналып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемде 15-24 жас аралығындағы жастар саны екі миллиардқа жуық. Соңғы 40 жылда олардың сауаттылық деңгейі 75 пайыздан 96 пайызға көтерілген. Бұл бүгінгі ұрпақтың білімді әрі жылдам ойлайтынын дәлелдейді, – деді депутат.
Екатерина Смолякованың айтуынша, қазір жастардың 80 пайыздан астамы интернетке тұрақты қол жеткізе алады. Бұл олардың ақпаратты тез қабылдап, жаңа жағдайға жылдам бейімделуіне мүмкіндік береді.
Қазір әлем екі жылда үлкен өзгерістерге ұшырап отыр. Сондықтан бейімделгіштік – ең маңызды қасиет, – деді ол.
Депутат Қазақстанда жастарға жасалып жатқан қолдау шараларына да тоқталды. Президенттік кадрлық резерв, «Болашақ» бағдарламасының кеңеюі, мемлекеттік гранттар санының жыл сайын артуы – жастардың сапалы білім алуға және қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашып отырған бастамалар. Соңғы екі-үш жылда елімізге әлемнің алдыңғы қатарлы 20-дан астам университетінің филиалы келіп, талантты жастарды елде ұстап қалуға мүмкіндік туғызғанын да атап өтті.
Мәжіліс қабырғасында қабылданып жатқан жаңа заңдардың да жастардың тікелей қатысуымен әзірленіп жатқаны айтылды. Жасанды интеллект және цифрлық кодекс бойынша жұмыс топтарында IT-сарапшылар, жас мамандар, студенттер белсенді еңбек еткен.
Қазір саясатқа жастардың келуі қалыпты үрдіске айналып келеді. Министрліктердегі басшылық қызметтер де жасарып жатыр. Бастысы – адалдық, білім және еңбекқорлық. Осы қағидатты ұстанған жасқа барлық есік ашық, – деді Екатерина Смолякова.
Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді толық цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу жөніндегі мақсаттарын жүзеге асыру – жастардың міндеті екенін атап өтті.
Цифрлық дәуірдің көшінен қалмау – ең алдымен жастардың белсенділігіне байланысты, – деді депутат.
Айта кетейік, «JastarX» жобасы 2023 жылдан бері «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып келеді. Биыл жоба аясында жаңа буынның құндылықтары, жұмысшы мамандықтарының болашағы, еңбек нарығындағы қазіргі жағдай және цифрландыру мен жасанды интеллект мәселелері қамтылған бірнеше диалог алаңы ұйымдастырылды. Сонымен қатар өңірлік жастар ресурстық орталықтары да биыл алғаш рет онлайн форматта қатысу мүмкіндігіне ие болды.