Елорданың Байқоңыр ауданында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық рейдтер өткізілді

13 Қазан, 03:27 508

Елордалық ТЖД және Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігі бойынша рейд өткізді. Мақсаты – жеке сектордағы өрттердің алдын алу және тұрғындардың жылу беру кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы хабардарлығын арттыру, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің мәліметінше, акцияның негізгі іс-шараларының бірі – көміртегі тотығы датчиктерін орнату.

Қазіргі уақытта біз жеке сектор үйлеріне көміртегі тотығы датчиктерін орнатып жатырмыз. Тамыз айының басынан бастап 100-ден астам сенсор орнатылды. Бұл өлім мен жарақат алу жағдайларының алдын алу үшін қажет. Біздің міндетіміз – тұрғындарды жылыту маусымына дайындау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біз сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатырмыз әрі өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша жадынамалар мен ақпараттық материалдарды таратамыз, – деді азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұрбахыт Тұрсынбай.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұратын үйлерге де ерекше назар аударылды.

Біз визиттер мен көмекті, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандары бар отбасылар үшін өте жоғары бағалаймыз. Мүгедек ағам және 92 жастағы анам бар, олар үнемі күтімді қажет етеді. Суық күндері қауіпсіздік мәселелері ерекше өзекті болып отыр және ұсынылған ұсыныстар үйімізді өрттен жақсы қорғауға көмектеседі, – деп бөлісті аудан тұрғыны Зульфия Валиева.

Зарина Арман
Бөлісу: