Елорданың әскери колледжін алғашқы сержант түлектер бітірді

2 Шілде, 10:17 456

Астана қаласындағы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінде алғашқы түлектердің бітіру рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, салтанатты іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары Болат Керімбек пен Олжас Құспеков, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» РҚБ басшысы Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қарулы күштердің ардагерлері, түлектердің туған-тустары қатысты. 

Іс-шара армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне дәстүрлі гүл шоқтарын қоюдан, құттықтаулар мен тілектер айтудан басталды.

Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары полковник Талғат Қалышев түлектерді айтулы күнмен құттықтады. 

Бұл бітірген сержанттардың алғашқы легі болғандықтан, сендер оқу орнының тарихында қаласыңдар. Сендер мұнда болашақта қызметке қажетті білім мен дағдыны алдыңдар. Әскери ұжымдағы сарбаздарды даярлау сапасы мен моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі үшін сендерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен аталатын әскери колледж түлегі деген атақты абыроймен алып жүретіндеріңе сенімдімін, – деп атап өтті ол.  

Алғашқы бітірушілердің мақтанышы – қызыл диплом иегерлері Арсен Нахов, Әнуар Лұқманов, Мирас Дәрменов, Арсен Мұралым, Нұрхат Сағындық, Данияр Молдабек, Дамир Серік және Айнар Жанулин. Үздік оқушылар мен үздік түлектер оқуды аяқтауына орай Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мерейтойлық медальдармен марапатталды. 

Дипломдарды тапсыру салтанатты рәсімінен кейін оқу орнының Жауынгерлік туымен қоштасу және сержанттық корпусқа қабылдау рәсімі өтті. Колледж оқытушыларымен және тәрбиеленушілерімен қоштасып, бүгінгі сержанттар саптық алаңда салтанатты маршпен жүріп өтті. Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды.  

Әскери колледж 2021 жылы «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында құрылғанын айта кетелік. Осы жылдар ішінде оқу орнының кадеттері мен ұландары әртүрлі зияткерлік байқаулар мен спорттық жарыстарға белсенді түрде қатысып келеді. Биыл олар «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жиынында Қазақстанның намысын қорғап, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары арасында жеңіске жетті.  

Алғашқы бітірушілерден сержанттық погондарды 82 түлек алды. Олардың барлығы ҚР Қарулы күштерінің әскери бөлімдеріне одан әрі әскери қызмет өткеретін болады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: