Елордада көлік полиция қызметкерлері нәзік жандыларды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қызметкерлер Астана теміржол вокзалындағы жолаушы әйелдерді құттықтап, гүл беріп, ізгі тілектерін айтты.
Шара аясында мерекелік концерт ұйымдастырылып, флешмоб өтті.
«Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі полиция департаментінің басшылығының 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Астана станциясы желілік полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп Астана вокзалында жолаушы әйелдерді мерекесімен құттықтау аясында өткізілуде. Біз жыл сайын нәзік жандыларды құттықтау үшін мерекелік шара ұйымдастырып отырамыз. Бүгінде Астана станциясы желілік полиция басқармасында 36 әйел қызметші және 3 ерікті жалдамалы азаматшалар жұмыс істейді. Олар да ер адамдармен қатар өздерінің қызметтерін жоғары дәрежеде көрсетуде. Барша нәзік жандыларды құттықтап, сәтті сапар тілейміз», - деді Астана станциясы Желілік полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев.
Көліктегі полиция департаментінің бастамасымен шара республика аумағының барлық облыс және аудан орталықтарында ұйымдастырылуда.
Елорда жолаушыларын мерекелік құттықтау шарасы екі күнге созылады.