Елордалық оқу орны консулдар федерациясымен меморандумға қол қойды

13 Қыркүйек, 23:04 1186

Елордалық оқу орны Дүниежүзілік FICAC консулдар федерациясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

NU мен Дүниежүзілік FICAC консулдар федерациясы Еуразиялық консулдар съезі аясында арадағы байланыстарды нығайтып, өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі съездің екінші күні өтті, ол екі ұйым арасындағы білім беру және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды.

Рәсімге FICAC президенті Николаос Маргаропулос, NU президентінің м.а. Илесанми Адесида мен “Құрметті консулдар қоғамы” республикалық коғамдық ұйымы басқарма басшысы Денис Ван ден Вейх қатысты.

Дүниежүзілік консулдар федерациясының президенті осы келісімнің маңызына тоқталып, “Осы Ынтымақтастық туралы меморандум – біздің шекараға қарамастан, бірігіп жұмыс істеуге деген ұмтылысымыздың белгісі, бір-біріміздің ерекшеліктерімізді қабылдап, ортақ мақсаттарға жеткіміз келеді. Ол FICAC пен NU-дың арасындағы байланысты білдіргенімен қоса, мәдениет, құндылықтарымыз бен асқақ армандарымыздың бірігуі. Білім бізге жан-жақты болып, мәдени ерекшеліктерді бағалап, жаһандық қауымдастықтың дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді”.

Өз кезегінде Илесанми Адесида NU-дың жетістіктері туралы айтып, университетте әлемнің 60 елінен келген азаматтар оқып және жұмыс істеп жатқанын атап өтті. “Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасы, Жоғары мемлекеттік саясат мектебін қосқандағы біздің академиялық бағдарламаларымыз студенттерді дипломатиялық қызметке дайындауға бағытталған”, — деді ол.

Сонымен қатар Денис Ван ден Вейх жаңадан орнатылған серіктестік елеулі нәтижелер әкелетініне сенім білдірді:

Құрметті консулдар халықаралық қатынастар мен мәдени алмасу бойынша негізгі рөл ойнайды. Сіздердің білім беру саласындағы бастамаларыңыз ұлттар арасындағы кедергілерді жойып, өзара түсіністіктің дамуына септігін тигізеді. Осы бағыттағы ортақ жұмыс түрлі мәдениеттерден келген студенттерге білім алып, ынтымақтастық орнатып, дамуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін “Білім дипломатиясы – жаңа геосаяси дәуірдегі халықаралық жоғары білімнің рөлі” тақырыбына дөңгелек үстел өтті, онда NU профессорлары мен түрлі елдерден келген құрметті консулдар сөз сөйледі.

Атап өтейік, 11-15 қыркүйек аралығында Астанада Еуразиялық консулдар съезі өтіп жатыр, онда түрлі елден келген дипломаттар өз кәсібі мәселелерін ортаға салмақ. Шараны Дүниежүзілік FICAC консулдар федерациясы, Құрметті консулдар қоғамы ҚР СІМ, Астана қ. әкімдігі және “Kazakh Invest” ҰК-ның қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: