Елордалық күрд этномәдени орталығының балалар би ұжымы халықаралық конкурстан жүлдемен оралды

5 Маусым 2019, 15:42 4227

Алматыда өткен «Diamond Talеnts» ІІ халықаралық балалар мен жастардың конкурсында Нұр-Сұлтан қаласының күрд этномәдени орталығының «Зазан» балалар би ұжымы бірінші орынды иеленді.

Өнер ұжымдарының шығармашылық әлеуетін, кәсіби біліктілігін дамыту мақсатында өткен конкурсты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Таланттар академиясы өткізді.

Осымен екінші жыл қатарынан өткен конкурста балалар хореография өнерінен басқа ерекше жанр (цирк өнері, пантомима, гимнастика және т.б.), вокал, ансамбльдер мен оркестр, сахналық өнер, аспаптық орындау және көркемдік өнер номинациялары бойынша бақ сынасты.

Аталған конкурсқа еліміздің аймақтарынан, сондай-ақ Ресей жерінен хореографиялық ұжымдар қатысып, «Зазан» ұжымы сексеннен астам топтың ішінде «Халық биі» номинациясы бойынша бірінші орын алды.


«Зазан» балалар би ұжымы 2018 жылы құрылған, жетекшісі күрд этномәдени орталығының жастар қанатының мүшесі Салим Айлазов.

«Әр ұжым аталған номинация бойынша бір нөмір көрсетті. Біздің ұжымдағы балалардың жасы 5 пен 14 аралықта аралас болды. Бұл конкурс туралы әлеуметтік желіден көріп біліп, биіміздің бейнеролигін жібердік. Ұйымдастырушыларға ұнап, Алматыға шақырту алдық. Міне, нәтижесінде бірінші орынға қол жеткіздік», – деді Салим Айлазов.

«Халық биі» номинациясы бойынша Гран-приді Ресейліктер иеленді.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: