Ұлт дәстүрі дәріптелді

1 Қазан 2019, 10:27 4495

Елордадағы Достық үйінде «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру мақсатымен «Қазақтың ұлттық мұрасы» атты байқау өтті.

Байқауға елорда этномәдени бірлестіктері, ҚХА жастары, Нұр-Сұлтан қаласының Аналар кеңесі қатысты. Олар байқаудың үш шарты бойынша қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке таныстырып, ұлттық аспаптарда шебер ойнай білуі және қазақ ақындары мен жазушыларының туындарыларын мүдірмей оқып беруі қажет болатын.

Сахна шымылдығы Нұр-Сұлтан қаласы ардагерлер хорының қазақ ұлттық әндерінен поппури орындауымен ашылды. Одан кейін байқаудың бірінші кезеңіне сәйкес, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы көрермендерге көрсетілім арқылы қазақтың ертеден келе жатқан «Сырға салу» дәстүрін таныстырды. Ол бойынша дастархан жайылып, болашақ құдалар күтілді. 


Ұзатылатын қызды ортаға екі жеңгесі қолтықтап алып шығып, «құлағын жамандықты естімесін» деп жігіттің жеңгелері алтын сырғасын тақты. «Көрімдік беру» дәстүрін де ұмыт қалдырмай, қыздың екі жеңгесіне ақшалай сый-сияпат жасады.

Өз кезегінде «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы ұлттық дәстүріміздің құндылықтарының бірі – «Қыз ұзату» салтын көрсетілім арқылы көпшілікке таныстырды. Осыған байланысты тойдың негізгі қонақтары – құда-құдағилар қарсы алынып, шашу шашылды. Бұл бойынша негізгі дәстүрлер жасалып, шынайы «Ақ жол» тілеген төсеніш арқылы қалыңдықты өз босағасынан шығарып салды.


«Радима» беларусь этномәдени орталығының қатысушылары көрермендерге келін түскенде арнайы жасалатын «Беташар» дәстүрін таныстырды. Ол рәсімді өткізуге сөзге шебер, суырып салма ақындығы бар жыршы жігіт шақырылып, келіннің бетін ашу үшін «Беташар» жыры орындалды. Осы аталмыш жыр арқылы отбасы құндылығы дәріптеліп, оның әрбір сәті маңызды екеніне басымдық берілді.


Көпшілікке «Қыз жасауы» дәстүрін Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесі таныстырды. Олар жасау үшін берілетін киім-кешектердің әрқайсысының маңызын және ежелден келе жатқан «6 жастан жинасаң артылады, 7 жастан жинасаң жетеді» деген нақыл сөз түп-төркінін түсіндірді.

Байқаудың ерекше бір тұсы - ұмыт болып бара жатқан «Мойын тастар» дәстүрін жаңғыртуға ерекше мән берілді. Мұны «Акбузат» этномәдени орталығы қатысушылары көрсетілім арқылы көрермендер назарына ұсынды. Дәстүр бойынша қалыңдық жас жұбайларға арналған ақ отауға бірінші болып кірді. Табалдырықты аттаған соң, оң аяғын сол аяғының шетіне тигізді. Күйеуі қалыңдығының артынан кіріп, дәл соны қайталады. Одан әрі күйеу жігіт құрметті орынға шығып, отауды құруға көмектескен әйелдерге еттен дайындалған тағамнан дәм татуларына ишарат білдірді. Келесі бір сәтте омыртқаның мойын бөлігі ақ матаға оралып, киіз үйдің жоғары күмбезінің шеті арқылы сыртқа лақтырылып жіберілді.


Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының астаналық филиалының қатысушылары жаңа қонысқа көшіп келгендерді үйге шақыру дәстүрі – «Ерулікпен» байқауды одан әрі жалғастырды. Ортаға бауырсақ пен қазы-қартаға толы ақ дастархан жайылып, келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Үй иесі атынан сый-сыяпаттар беріліп, ән мен күйге жалғасты.

Елордалық «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығы «Бесікке бөлеу» дәстүрін сахналады. Аналар мен әжелер нәрестені бесікке бөлеудің қыр-сырын таныстырды. Барша жиналған қауым бесік жырын тыңдап, шашу дәстүрінің маңызына терең бойлады.


«Нәрестені қырқынан шығару» дәстүрін елордалық өзбек этномәдени орталығы мен «Лад» республикалық славян қозғалысының астаналық филиалы көрсетті. Нәрестені 40 қасық суға шомылдырып, тырнағы мен шашын алды. Дүниеге дені сау сәби әкелгені үшін баланың анасына алғыс білдіріп, сый-құрмет жасады. Ал «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығы «Тұсау кесу» дәстүрін сахналады. Ол бойынша сәби жолына төсеніш төселіп, оның үстіне домбыра, қамшы және кітап қойылды.


Сонымен, байқаудың алғашқы кезеңін «Жаңғыру жолы» републикалық жастар қозғалысының елордалық тобы қорытындылады. Жастар көрермендерге «Аластау» және «Қонақ кәде» деп аталатын салт-дәстүрлерді сахналап шықты.

Байқаудың екінші кезеңіне сәйкес, қатысушылар шеберлігі сынға түсіп, жыраулық дәстүрге қатысты шығармалар орындалды. Ол бойынша қатысушы үміткерлер домбыра, қобыз, шаңқобыз, сыбызғы сынды қазақ ұлттық аспаптарында шебер ойнай алатындығын дәлелдеуі тиіс еді.


«Қазақ ақындары мен жазушыларының туындыларын мүдірмей оқып беру әрі оны шебер орындау» атты соңғы кезеңде үміткерлер Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын оқыды. Бұл кезеңде қатысушылардың қазақ тілін қаншалықты меңгергендігіне басымдық беріліп, соған сай оларға лайықты баға берілді.

Бірінші тур қорытындысы бойынша I орынды Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының филиалы, II орынды «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы, ал III орынды «Лад» республикалық славян қозғалысының елордалық филиалы иеленді. Екінші тур бойынша I орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы, ІI орынды «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, III орынды «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі жеңіп алды.


Үшінші кезең бойынша «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының астаналық филиалы, дүнген этномәдени орталығы мен шешен-ингуш этномәдени орталығы үздіктер қатарынан танылды.

Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар – тоңазытқыш, теледидар, тұрмыстық жабдықтар сыйға атртылды. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттармен марапатталды.


Бөлісу: