Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қостанай, біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында Нұр-Сұлтан қаласынан Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындарға 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды El.kz.
Оған Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығы, Назарбаев Университетінің түлектері мен жанашыр тұрғындар да атсалысты.
Зардап шеккен қостанайлықтарға гуманитарлық көмек ретінде ұзақ мерзімге дейін жарамды азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, аяқ киімдер мен ең алғашқы қажет деген заттар берілген. Оны жинау үшін 15 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Нұр-Сұлтан қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәурен Бабамұратов бұған дейін де көмек ретінде бірнеше жүк көлігімен тауар жіберілгенін айтты.
«Біз жексенбі күні 8 үлкен жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті жібердік. Сол күннен бастап, 3 күн бойы жинаған қажетті көмекті бүгін жолға аттандырғалы тұрмыз. Әлі де қолұшын созуға ниетті азаматтар көп. Қаржылай көмек көрсеткісі келген адамдарға ақшаны тиісті қорға аударуын өтінудеміз. Халықтың осындай бірлігінің арқасында өрттен зардап шеккендерге ауқымды көмек жиналып отыр», – деді Дәурен Бабамұратов.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Айтбай Қайрат үйінен айырылған тұрғындарға үй салып беруге көмек береміз деп отыр.
«Қостанайдағы штаб, әкімшілік пен орталықтағы министрлік, Үкімет мүшелері зардап шеккен үйлерге санақ жүргізеді. Яғни үйді қалай салу керек, қанша үй қажет екенін нақты білген соң бізге хабарын береді. Біз өзіміздің жағдайымызға қарап, ұсынысымызды береміз. Егерде мемлекет жолдардың коммуникациясын істеп беретін болса, біз құрылыс жұмыстарына бірден кірісеміз», – деді Айтбай Қайрат.