05.04.2026
13:28
159

Елордада жастар саясаты саласындағы мамандарға арналған семинар өтті

Астанадағы Қазмедиа орталығында өңірлік жастар ресурстық орталықтарының басшыларына арналған дәстүрлі үш күндік «Кәсіби даму академиясы» оқыту семинар-тренингі өз мәресіне жетті.

Семинардың негізгі мақсаты – жастар саясаты саласындағы басшылардың көшбасшылық және басқарушылық дағдыларын жетілдіру, жұмыс үдерісіне жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды енгізу, дағдарыстық коммуникация мен БАҚ-пен өзара іс-қимылды жақсарту, сондай-ақ жобалық және инклюзивті тәсілдерді ілгерілету арқылы кәсіби құзыреттілікті арттыру болды.

Іс-шараның ашылуында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов пен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттерін үнемі жаңартып отырудың маңыздылығын атап өтті.

Семинар екі кезеңнен тұрды: сәуір айында өткен бірінші кезеңде қатысушылар медиа және жасанды интеллект саласындағы мамандардан тәжірибе алды.

Оқу барысында жасанды интеллект қолдану, көпшілік алдында сөйлеу, дағдарыс коммуникациялары, әлеуметтік желілердің рөлі және мобилография бойынша практикалық сабақтар өткізілді.

Семинар аясында әртүрлі бағыттағы сарапшылар шеберлік сабақтарын өткізді. Олардың қатарында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Балия Кенжеболатова, «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» бас директоры Алия Оспанова, «Еуразия» бірінші арнасының тележүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген, «QAZAQSTAN» телерадиокорпорациясы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Ақерке Бектас және тағы басқа мамандар бар. Ал «Qazcontent» АҚ ЖИ маманы Аршат Ораз «Күнделікті жұмыста жасанды интеллектті қолдану дағдылары» бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Семинар қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табыс етіліп, Қазмедиа орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Олар телерадио өндірісінің жұмысымен, эфир студияларымен және медиа саласының ішкі үдерістерімен танысты.

Бүгінде Қазақстанда 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 17 облыстық, 37 қалалық және 181 аудандық. Орталықтар жастарға ақпараттық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.

Айта кету керек, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кәсіби даму академиясы» жобасын 2021 жылдан бастап жүзеге асырып келеді.