Елордада жастар арасындағы жұмыссыздық 4,6%-ды құрайды

26 Желтоқсан 2022, 18:22 1646

Бұл туралы Астана қаласының жастар саясаты мәселері басқармасының басшысы мәлім етті

«Астана қаласы коммуникациялар қызметінің» алаңында «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру туралы» Астана қаласының жастар саясаты мәселері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаровтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасымен мемлекеттік жастар саясатын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

"Астана қаласы бойынша 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 232 мың адам. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастар – 166,5 мың немесе 71,7% құрайды. Жастар арасындағы жұмыссыздық – 4,6%. NEET санатындағы жастар үлесі 6,7% немесе 11 155 адам. Былтыр осы уақытта көрсеткіш 7% көрсетіп, 11 655 адамды құраған. Яғни 500 адам NEET санатынан алынып, жұмысшы жастардың қатарына қосылды. Астанада 14 жоғары оқу орындары бар, оларда 63 мың студент білім алады. 36 жатақханада 14 426 студент тұрады", - деді Қайрат Қамбаров.

Оның айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған «Елорда жастары» жастарды қолдау бағдарламасы бекітіліп, іске асырылуда. Ол негізгі 6 бағытқа бөлінген. Онда 33 көрсеткіш және 60 іс-шара көзделген. Астана қаласының мамандарына арналған «Елорда жастары» жеңілдікпен несие беру бағдарламасы 2021 жылы бастау алды. Жыл қорытындысы бойынша 167 несие берілген, оның ішінде 5 қатысушы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатынан. Оған 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Сондай-ақ, Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтер беру бағдарламасы да бар. Ол Елбасының бастамасымен 2019 жылы іске қосылды.

Сондай-ақ жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және кеңінен тарату мақсатында қаламыздың 4 ауданында 5 Жастарға арналған қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді.

NEET санатындағы жастармен жұмыс кеңінен жүргізілуде. Олардың арасында футболдан турнирлер, бос орындар жәрмеңкелері, «NS Жас жігер», «NS Бағдар», «Үздік» секілді жобалар өткізіледі.

EL.KZ
Бөлісу: