Елордада үздік құрылысшылар марапатталды

13 Тамыз 2022, 11:08 2408

Еңбегі ерен құрылысшылар елдің түпкір-түпкірінен жиналды

Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан құрылысшылар одағының» ұйымдастыруымен кезекті жыл сайынғы құрылысшыларды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz

Одақ сенім артып отырған 1200 кәсіпорынның 250 мыңнан астамын толық жұмыспен қамтып отыр. Оның басты мақсаты – құрылыс саласындағы кәсіпті дамыту. Себебі бұл бизнес мемлекетіміздің экономикасының дамуына тікелей әсер етеді.

Аталған іс-шараға Қазақстанның әр жерінен ең үздік 40 құрылысшы қатысып, оның 5-еуіне құрметті құрылысшы, 30-ына еңбек сіңірген құрылысшы атағы беріліп, 7 алғыс хат пен «Құрметті прораб», «Құрметті кран машинасы», «Құрметті шебер» номинациялары бойынша төсбелгілермен марапатталды.

Құрылысшылар одағының төралқа төрағасы Талғат Ерғалиев құрылысшыларды құттықтап қана қоймай, жастарды құрылыс саласына баулуға арналған тың жобамен айналысып жатқандығын да айта кетті.

Кештің құрметті қонақтарының бірі V және VI сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаты Тасболатов Абай Бөлекбайұлы қызметкерлерге ақ тілегін жаудырды.

«Мен досым, құрылысшылар одағының төралқа төрағасы Талғат Ерғалиевты және барлық құрылысшыларды мерекемен құттықтаймын. Сіздердің бұл мейрамды жыл сайын тойлап, өздеріңізге лайық сыйақы мен марапатқа ие болып отырғандарыңызды қалаймын», – деді Абай Тасболатов.

Марапатталған құрылысшылардың бірі, күрделі құрылыс департаментінің директоры Аманқұл Өміров кештен алған әсерімен бөлісті.

«Мен аталған іс-шараға «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының атынан, Атырау қаласынан келіп отырмын. Бүгін құрылысшылар күні қарсаңында осындай үлкен лауазымды марапатқа ие болып жатырмын. Еңбегіміз ақталып жатқанына қуаныштымын. Айта кететін жайт, биыл өзім қызмет етіп жатқан «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының 100 жылдық, яғни 1 ғасырлық мерейтойы атап өтілгелі отыр. Соның қарсаңында марапатталу мен үшін үлкен мәртебе. Маған берілген марапат тек менің ғана емес, бірге қызмет етіп жүрген ұжымымның да арқасы деп білемін. Жылдан жылға құрылыс саласындағы жағдай жақсарып келе жатыр. Қазақстан құрылыс саласында жоғары деңгейге көтеріледі деген ойдамын», – дейді Өміров Аманқұл Аманжолұлы.

Бұл жыл сайын өтетін құрылысшыларды марапаттау рәсімінің 66-шы мерейтойы. Еңбектері еленген қызметкерлер ұйымдастырушы «Қазақстан құрылысшылар одағына», құрылысшылар одағының төралқа төрағасы Талғат Ерғалиевке алғыстарын жаудырды.



Ажар Лаубаева
Бөлісу: