Елордадағы ерекше муралдардың авторы кім?

7 Шілде 2022, 16:43 4766

Ғимараттарда бейнеленген муралдар елорданың келбетін ашып, жарқын бояулармен, түрлі композициялармен көрік беріп тұр

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары ғимараттарға салынған муралдарды жиі байқап, суреттерімен әлеуметтік желіде бөлісіп жатады. Ғимараттардың сәні мен көркін ашып тұратын суреттердің авторы кім және керемет суреттердің артында қандай еңбек жатыр? Граффити өнері біздің елімізде енді ғана жанданып жатқандықтан суретші-дизайнерлеріміздің жұмыстарына қызығушылық танытып жатқандар көп. Сондықтан қаладағы ерекше муралдардың авторы Николай Селютинмен граффити жұмысының ерекшеліктері туралы әңгімелестік.

– Ғимараттарды суреттермен безендіру туралы ой қайдан келді? Мурал салудағы мақсатыңыз қандай? Сіздің суреттеріңіздің ерекшелігі неде?

–Негізінде қабырға суреттері туралы тұжырым испан тіліндегі «mural» сөзінен пайда болды, яғни монументальды кескіндеме ұғымын білдіреді. Бұл граффити түрлерінің бірі. Мен сурет өнеріне бала кезімнен жақынмын. Сабақты жақсы оқымасам да сызу, сурет сабақтарынан қалмайтынмын. Суретке деген қызығушылығым арман-қиялымды шынайы шығармашылық туындыға  айналдыруға көмектесті. Мақсатым – сұлу қаламызды одан сайын жандандыру. Ғимаратқа салынған әр суретті көріп балалар, жасөспірімдер, тіпті ересектерміз де ой түйгенін қалаймын.  Менің әр суретімде түсіне білген жанға тұңғиық ой мен өнеге жатыр. Көбінесе ғұлама тұлғаларымыз, батырламыз бен шығарманың ерекше кейіпкерлерінің суреттерін саламын.  Әр сурет біз үшін ерекше бағалы. Суреттерге өзіміздің бір бөлшегіміз сияқты қараймыз. Менің суретші ретіндегі міндетім ойды жеткізу, сондықтан қызықты туындыларға басымдық беремін.

– Жалпы мурал салу сіздің кәсібіңіз бе, әлде хоббиіңіз бе? Сіздің негізгі мамандығыңыз қандай?  

– Мурал – менің кәсібім және хоббиім деп те айта аламын. Менің негізгі мамандығым – дизайнер. Осы салаға өте жақын болғандықтан, өз саламның нағыз маманымын деп есептеймін. Адамның жұмысы оның хоббиі сияқты болуы керек. Сол үшін жаның қалап тұрған салада еңбек етсең күндердің күнінде еңбегіңнің жемісі ақталады. Болашақ мамандығын таңдай алмай, өзіне не керегін білмей жүрген жастарға айтарым, хоббиіңді мамандығыңа айналдыра білсең, өзіңнің орнынды сонда ғана таба аласың.


– Қаладағы қанша ғимаратқа сурет салдыңыз? Бір муралды салуға қанша уақыт кетеді және қандай бояу түрлерін қолданасыз?  

– Жылына шамамен ондаған үйге мурал саламыз. Әр муралдың көлемі мен ғимараттың материалына қарай уақыт жұмсаймыз. Мысалы, 9 қабатты үйге бір мурал салу үшін 50 сағаттан бастап бір аптаға дейін уақытымыз кетеді. Бірақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмысымыздың уақыты да созылуы мүмкін. Ғимараттарға сурет салу үшін бізге ең керекті жабдықтардың бірі автомұнараны жалға аламыз. Оның бағасы да қымбат болғандықтан әр муралды 50 сағаттың ішінде салып бітіруге тырысамыз. Сондай-ақ, бояу да үлкен рөлді алады. Қаладағы кейбір ғимараттардың материалына бояу бір жаққаннан жұға қоймайды және бойына көп бояуды сіңіретін материалдарда кездеседі. Мысалы, бір ғимараттар, кірпіштен, басқасы плиткадан тұрады. Сол себепті бірнеше рет бояу қажет немесе көп жағдайда балондарды қолданамыз. Бірақ, бұның өзі біраз уақытымызды алады. Сонымен қатар, бояу мен балондардың бағасы да арзан тұрмайды. Бір балон жарты шаршы метрге ғана жетеді. Ал, 9 қабатты үйдің муралына 200-300 балон қажет.


– Сіздің суреттеріңізге көбінесе тапсырыс қайдан түседі және қанша табыс табасыз?

– Негізінде муралдарды қалалық урбанизация орталығы жобалайды. Сонымен қатар, құрылыс компаниялары да ғимараттарды көрікті суреттермен безендіреді. Бұған қала билігі арнайы ақша бөледі. Сондай-ақ, құрылыс компаниялары да тұрғын үй алқаптарын безендіруге қаражат бөледі. Граффитиден көп ақша табамын деп айта алмаймын, бірақ күнделікті өміріме жетеді. Осылайша жұмысым менің сүйікті ісіме айналды. Сондықтан әр еңбегіме үлкен жауапкершілікпен қараймын. Жұмысымның сапалы шығуы үшін бояу мен балондардан да ақша аямаймын. Себебі, менің жұмысымның сапасын көрсететін ол – бояу. Сапасыз бояумен қандай әдемі сурет салсаң да, ол күндердің күнінде өз құнын жоғалтып, еңбегімді зая кетірмесіне кім кепіл? Сондықтан, сапалы дүние жасауды құптаймын. 

– Шығармашылық тобыңызда қанша адам жұмыс істейді? Жалпы елімізде мурал салумен айналысатын қанша суретші-дизайнерлер бар?   

– Менің командамда 6-7 суретші-дизайнер бар. Біз 5-6 жылдан бері бірге жұмыс істейміз. Жұмыс барысында командада әрқайсының істейтін өзіндік рөлі мен қызметі бар. Мысалы, біреуі бояуларды дайындап тұрса, бірі база жағумен айналысады, енді бірі сызба, дизайн жұмыстарымен айналысады. Жалпы, Қазақстанда мен білетін оншақты суретшілер бар. Олардың барлығы дерлік өз ісінің шебері. Тіпті, Ресейдің суретшілерімен де араласып тұрамын. Өзіміздің суретшілерден Алмас Абдыгаликов, Дамир Жұмабеков, Владислав Муха мен Мүслимов Асланның еңбектерін жоғары бағалаймын. Қазіргі таңда қаладағы жаңа муралдардың авторы осы азаматтар. Сонымен қатар, олар бізге жаңа мурал салу кезінде дизайн жағынан көмектесіп, ақыл-кеңестерін айтып тұрады.


– Қандай жерлерге мурал салуға болмайды және мурал салу үшін кімнен рұқсат алу керек?  

– Негізінде кез келген ғимаратқа сурет салуға рұқсат жоқ. Сурет салу үшін арнайы тапсырыс пен рұқсат болу керек. Қала әкімдігі сызбасын және орналасқан жерін бекіткеннен кейін, сол үйдің тұрғындарының рұқсатымен ғана біз өз жұмысымызды бастай аламыз. Әріптестеріммен арасында «қабырғаның эскизін келісіп алғанша, үйдің дизайнын өзгерту оңайырақ» деп те әзілдесіп жатамыз. Себебі, бір муралдың жұмысын бастау үшін дайындық жұмыстарына ұзақ уақыт кетеді. Мысалы, бір тұлғаның муралын салуға тапсырыс келсе, біз міндетті түрде ол адамның өмірін, шығармашылығын толық зерттеп, ізденеміз. Қажетті ақпараттармен танысқаннан кейін ғана муралдың эскизін сызу жұмыстарына кірісеміз. Бірнеше үлгісін жасап, кейін оны басшылыққа ұсынамыз. Соның арасынан үздік деген дизайн таңдалғаннан кейін шамамен қанша бояу керегін есептеп тапсырыс береміз. Содан кейін ғана қызу жұмысқа кірісеміз. Бұл салада өз ісін сүйетін нағыз шыдамды мамандар ғана соңына дейін жұмыс істей алады.   

– Сіз үшін ерекше және қиындық тудырған сурет?  

– Айтарлықтай мына суретті салу маған қиындық тудырды деп айта алмаймын. Кәсіби маманға мұндай сөздерді айту жараспас. Бірақ, есте қалған ерекше жұмысым туралы айта кетсем, ол 16 қабатты ғимаратқа салған суретім. Бұл менің ең алғашқы көлемі жағынан, биіктігі жағынан салған үлкен туынды болды.


– Болашақта қандай жоспарыңыз бар?  

– Болашаққа деген жоспарым мен мақсаттарым өте көп. Әрине, біріншіден командамды әлемдік үздіктердің қатарынан көргім келеді. Сонымен қатар, халықаралық жобалармен де айналысқым келеді. Біз үшін ең үлкен марапат – бұл біздің суреттерімізді халық бағалап, елесуіз қалдырмауы.

– Сұқбатыңызға рақмет!   






Сурет Николай Селютиннің жеке мұрағатынан алынды

Миражан Махан
Бөлісу: