Елордадағы этномәдени орталықтарының жұмысы рейтингтік бағалауға көшуде

21 Мамыр 2019, 10:50 5309
Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйі елорданың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Өңірлердің Астанаға тартуы» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысының қалалық Қазақстан халқы ассамблеясына сыйға тартқан зәулім ғимараты саналады.

2018 жылы Елбасы-Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Достық үйінің ресми түрде ашылу салтанатына қатысқан кезінде елорданың этномәдени орталықтарының өкілдерімен кездесіп, Маңғыстау облысының көрнекті қоғам қайраткерлерімен әңгімелескен еді.


– Еліміздің барлық өңірінде Достық үйлері бар. Онда облыстардың этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Енді бас қаланың да Достық үйі болады. Сіздерді осы айтулы оқиғамен құттықтаймын! – деген еді сорл кезде Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстанның барлық этностарын біріктіретін ортақ үй елорданың ең кең даңғылдарының бірі – Бауыржан Момышұлының бойында жайғасқан. Астанамыздың «Жерұйық» саябағына қарама-қарсы орналасқан «Сәукеле» іспеттес ерекше көзтартарлық сәулетті түрде жасалған үш қабатты ғимарат 5 мың шаршы метр кең жерді алып жатыр. 


Тамаша холл, жылтыраған люстра-шамдар, әдемі безендірілген баспалдақтар, тірі табиғат бұрышындағы жайыла өскен өсімдіктер, бір қарағанда, ғажайып ертегі сарайын елестететіні рас. Достық үйінің бірінші қабатында Қолөнер шығармашылығының орталығы, акт злы, би залы, студия, кітапхана, медиация кабинеті, костюмер орналасқан болса, екінші қабатында конференц-зал мен этномәдени бірлестіктерге арналған кабинеттер бар. 


Айта кету керек, әрбір этномәдени бірлестіктің кабинетінде әр халыққа тән өзіндік рух сезіледі. Бұл қойылған жиһаз бен заттардың безендірілуі арқылы белгілі этностың тарихы, мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертіп тұрғандай әсер аласың.  


Ғимаратта 22 этномәдени бірлестік орналасқан, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық құрылымында: Ғылыми-сараптамалық топ, Қоғамдық келісім кеңесі, Жастардың үйлестіру кеңесі, Аналар кеңесі, медиация, қазақ тілі қоғамы, кітапхана, баспасөз орталығы, «Парасат» қайырымдылық орталығы жұмыс жасайды. 


Елордалық Ассамблея түрлі қалалық құрылымдармен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық келісімді сақтау жөнінде өзара қарым-қатынас жасайды. Қалалық ассамблея өңірлік құрылымдар үшін үлгілік стандарт болатын Даму бағдарламасын бекітті. Оның бөлімдерінің бірі – астаналық ҚХА-ның негізгі ресурсына айналған Достық үйінің қызметіне арналады. Жарты жылдың ішінде Достық үйінің қызметімен 100 мыңнан астам адам танысып үлгеріпті. Достық үйінде дөңгелек үстелдер мен концерттік бағдарламалардан басқа, әлеуметтік қолдау, жастарға патриоттық тәрбие беру, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. 


Мысалы, жақында Солтүстік Кавказ халқының жер аударуының 75 жылдығына арналған Еске алу, Алғыс айту күндері бар сән-салтанатымен аталып өтті. Достық үйіндегі Аналар кеңесі өскелең ұрпақты ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға сыйластық сезімін қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды насихаттап, отбасы институтын нығайтуды мақсат тұтады. Айтпақшы, сәуір айынан бастап Достық үйінде «Аналар аманаты» қолөнермен шүғылданушылар Орталығы мен «Парасат» қайырымдылық Орталығы және коворкинг орталығы ашылып, қызмет істей бастады. Әйелдер кәсіпкерлігін және көпбалалы аналарды қолдау мақсатында Қолөнер шығармашылығының орталығы және «Аналар аманаты» көрмесі көрермендер назарына ұсынылды. Наурыз айының алғашқы күні - Алғыс айту күнінде елорданың этномәдени бірлестіктері мерекені қайырымдылық жәрмеңкесімен және «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты концерттік бағдарламамен қарсы алды. «Аналар аманаты» колөнершілер орталығы түрлі әлеуметтік деңгейдегі отандастарымызды әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке шыға алатын өнімдер жасауға баулуды мықтап мақсат тұтқан. Достық үйіндегі Аналар кеңесінде тегін түрде қызмет көрсететін түрлі клубтар жұмыс істейді. Олардың қатарында «Қазақ салт дәстүрінің қол өнері» клубы, «Fitness Gold» клубы, әлем мешіттерін тігу клубы, тоғыз құмалақ ойынына үйрету клубы, ат спорты клубы бар.


Ассамблеяның күнтізбесіндегі «Шашу» қайырымдылық акциясы негізінде «Әжелер» ансамблі қазақтың ұлттық ас мәзірлерінен дәм татуға арналған «Құрмет көрсету» атты әдет-ғұрыптар рәсімін өткізді. Бұл ретте іс-шара қонақтарына, соның ішінде көп балалы отбасыларға және балаларға бауырсақтар, құрт, палау мен қымыз ұсынылды. Мереке аясында қолданбалы өнер бұйымдарының, ұлттық тағамдардың және шеберлік сабақтарының жәрмеңкесі, сондай-ақ емделуді қажет ететін балаларға ақшалай қаражат жинау бойынша қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Шара кезінде бұйымдарды сатудан түскен 700 мың теңге «Асыл адам» қайырымдылық қоры мен мүмкіндігі шектеулі балалар Темірлан Сейчанов пен Амангелді Нәдірге тең бөлініп берілді. 


Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Ахыска» түрік мәдени орталығы мен Астана қаласының Қазақ зағиптар қоғамы Достық үйінде мерекелік іс-шара өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты - зағип адамдардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару болатын. Қайырымдылық іс-шарасы барысында акцияға қатысушыларға концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, гүлдер мен естелік сыйлықтар табыс етілді. 


Достық үйінде Қазақстанның дамуына, өз ортасында азаматтарымыздың әл-ауқатының жақсаруына үлес қосып, еңбегімен танылған көшбасшылар, қоғамда лайықты беделге ие болған отандастарымыз қызмет етеді. Олардың басым бөлігі ынтагерлер (энтузиаст), сондай-ақ, өзінің негізгі жұмысымен қатар қоғамдық негізде этномәдени бірлестіктерді басқарып, өз армандарын жүзеге асыратын белсенді азаматтық көзқарастағы тұлғалар болып табылады. Оған қоса өзінің қоғамдық қызметімен көп конфессиялы және көпұлтты мемлекетімізде жалпыұлттық бірлігіміз бен келісімді сақтауға мейлінше ықпал етеді. 


Достық үйі жанындағы Ғылыми-эксперттік топ Ассамблеяның консультативтік-аналитикалық органы болып табылады. Тұрақты түрде әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, этномәдени бірлестіктер мен қалалық ассамблеяның қызметтерін зерттеуге негізделген ғылыми жұмыстарды жарыққа шығарумен айналысады. 


Елордалық Достық үйінде сонымен қатар этномәдени орталықтар атынан тіркелген 16 қоғамдық медиатор жұмыс жасайды. Олар Достық үйінде кеңестік (консультациялық) қызмет түрлерін көрсетіп, медиации институтын насихаттау жұмыстарын дұрыс жолға қойған. 


Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық келісім кеңесіне тарих ғылымдарының кандидаты, Е. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Әміржан Әлпейісов жетекшілік етеді. Кеңестің негізгі мақсаты – қазақстандық бірегейлікті нығайтып, дамыту жолында азаматтық қоғам институттарын, саяси, үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат-мүдделеріне жету жолында бірыңғай амал-тәсілдерді –нд3р3п шығару болып табылады. Аймақтық қоғамдық келісім кеңестері «University Medical Center» Корпоративті Қоры, «Ақмола вагонжөндеу зауыты» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКМ, «Цесна-Астык» Концерні» АҚ мен «Астана Орманы» ЖШС негізінде жұмыс жасайды. 


Елордалық Ассамблея негізінде ана тілін, мәдениеті мен тарихын оқып-үйренетін 12 этнолингвистикалық мектеп жұмыс жасайды. 


Айта кету керек, үстіміздегі жылдың қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігігің Қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму Бағдарламасын орындау бойынша іс-шаралар Жоспары бекітілген болатын. Мұндай бағдарлама тек қана елордалық ассамблеяны ғана емес, жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы интситутын дамытуға бағытталған бірегей бағдарлама болып табылатынын атап өткен жөн. 


Бағдарламаның барлық атқарылуы тиіс іс-шаралары елорданы мекен ететін этностардың рухани-мәдени және тілдік қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыруға бағытталған, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді күшейтуді көздейтін маңызды фактор болып табылады. Оның табысты орындалуы мен атқарылуы қажетті нормативті-құқықтық базаның жетілдірілуі, бағдарламаның негізгі шараларын жергілікті атқарушы билік органдарының стартегиялық жоспарларына енгізу, оның орындалу нәтижесін қамтамасыз ету және қатаң бақылау арқылы ғана қамтамасыз етуге болатындығы алға тартылады. 


Бағдарламаның негізін Елбасының идеяларын іске асыруға бағытталған шаралар құрайды. Оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын атап өтуге болады. Бастапқы кезеңінде Жастар жылына арналған шаралар іске асыру қолға алынған. Олардың барлығы да тұрғындарды Достық үйіне мейлінше молынан тартуды көздейді. Бағдарламаны құрастырушылар оның іске асырылуы нәтижесі мультпликативті әсер береді деген нық сенімде. Яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының имимджін арттыруға септігін тигізуі тиіс. 


Бағдарлама елорда Ассамблеясының аймақтардағы ассамблеялармен тығыз қарым-қатынас орнатуы мен халықаралық деңгейдегі байланыстарының кеңеюін көздейді. Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктердің шама-шарқы осындай амбициялық жоспарлар құруға мүмкіндік береді. 


Бұл бағытта жергілікті әкімшілік қажетті қолдау көрсетуде. Дәл осы әкімшіліктің арқасында Достық үйі 12 этнолингвистикалық мектептің 39 педагог-мұғалімнің, этномәдени бірлестіктердің шығармиащылық ұжымдарының 25 көркемдік жетекшілерінің қызметін қаржыландару мүмкін болып отыр. Бұған қоса 2-3 жыл сайын жергілікті әкімшілік бюджеті есебінен этномәдени бірлестіктердің ұлттық киімдерін тігу де ұйымдастырылады. 


Достық үйі этномәдени орталықтардың жұмысын бір қалыпқа келтіріп, рейтингтік жүйемен бағалауды қолға алуға көшіп кетті. Сол арқылы олардың белсенділігі (активность) мен бастамашылдықтары (инициативность) есепке алынатын болады. Аталмыш бағалаудың қорытындылары этномәдени орталықтарды қоғамдық аккредитациялау үдерісі кезінде алғаш рет қолданылатын болады. 


Достық үйінде жоғарыда аталған түрлі орталықтармен қатар Баспасөз орталығы, жастардың коворкинг орталығы да жайғасатын болады. Аталмыш жастар орталығы елорда аумағындағы жастардың басын біріктіріп, қоғаммен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдері мен амалдарын енгізу, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі идеяларын қоғам арасында ілгерілетумен айналысатын болады. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамсблеясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жастардың үйлестіру кеңесін Наталья Карагеур басқарады. 


Этномәдени бірлестіктер негізінде келесідей жастар қанаты жұмыс істейді: «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы; Корей этномәдени бірлестігінің орталығы; «Возрождение» немістер қоғамының «Диамант» жастар клубы; «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының қанаты; «Polacy» қоғамдық бірлестігінің; «Хазар» әзірбайжан қоғамдық бірлестігінің; «Оберег» украин қоғамдастығының «Чаривни джэрэла» қанаты; Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының филиалы; «Астана ешлари» өзбек этномәдени орталығының; Күрдтердің «Барбанг» Ассоциациясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы; «Радима» белорус мәдени орталығының; «Юнчи» дұнған этномәдени орталығының. Ал баспасөз орталығында осызаманғы ақпараттық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді қолдана отыра блогерлерді тарту арқылы ақпараттық саясатты іске асыру көзделіп отыр. 


Достық үйі біртіндеп астаналықтар мен елорда қонақтары, балалар мен ересектер бас қосатын демалыс орнына және әрқайсысы қалаған уақытында өзінің көңілінен шығатын іспен айналысуға мүмкіндік беретін сүйікті орталығына айналып келеді.

Ал этнотуризмді жан-жақты дамытып, оған қолдау көрсету мақсатында жақын арада астанада Ұлттық бейбітшілік паркін ашу жоспарда бар. Ол Қазақстан халқының  этникалық және мәдени әртүрлілігінің ерекшелігін сақтаудың жаңа амал-тәсілдерін көрсетуді мақсат тұтады.


Сайып келгенде жақын болашақта Достық үйі бірнеше орталықтардың басын бір жерде тоғыстыра алатын ресусртық Орталыққа айналмақ.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: