Елордадағы Достық үйінде қойылымдары қатар үш тілде жүретін бірегей театр ашылды

7 Тамыз 2019, 09:40 4034

Елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «АZT» деп аталатын заманауи театр өз жұмысын бастады. Жаңа өнер ордасы қала қонақтарына өз шымылдығын «Шекспир қиялы» спектаклімен ашты.


Театр ұжымы 15 жас талантты актерден құралған. Барлығы халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты атанып үлгерген. Театрдың басқалардан ерекшелігі бір қойылымды үш тілде қатар өткізуінде. Яғни, осыған дейін ешбір театр бұл бағытты ұстанған емес.


«Шекспир қиялы» спектакльіне лық толы зал жиналды. Қойылымға Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұралы Айдашев, ҚазҰӨУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Қымбат Тілеуова, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актрисасы Айнұр Бермұхамбетова, ҚазҰӨУ ұстаздары мен жалпы театр сүйер қауым жиналды.


Сыншылар мен көрермендер алғашқы қойылымға жоғары баға берді. Қымбат Тілеуованың сөзінше, Жастар жылында жас буынды қолдау негізгі мақсат болып табылады деп есептейді. «Біздің мақсатымыз - жастарды қолдау. Астаналық заманауи театр біздің елімізде жоқ өнер ордасының біріне айналары сөзсіз. Сіздерден күтер үмітіміз зор»,- деп атап өтті шарада Қ.Тілеуова.

Бір жарым сағат көлемінде ән де айтылды, би де биленді, көрермен күлді әрі көңілі босады. «AZT» театрының алға қойған мақсаты биік. Бүгіннен бастап өнер ұжымы Рақымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» атты драмасына дайындық жұмыстарына кіріседі. 


Бөлісу: