Елордада триатлоннан қысқы жарыс өтеді

13 Ақпан, 02:38 712

Астанада 18 ақпан күні Qysqy triatlon жарысы өтеді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Qysqy triatlon – жыл сайынғы қалалық спорттық іс-шара, оған қала тұрғындары мен қонақтары, әуесқойлар да, кәсіби спортшылар да қатыса алады.

18 ақпанда Астана қаласының триатлон федерациясы Qysqy triatlon әуесқой жарысына қатысуға шақырады. Жарыс триатлон саябағының аумағында өткізіледі. Оған үш кезең кіреді: 2,5 км жүгіру кезеңі, 3 км велосипед кезеңі, 2,5 км шаңғы кезеңі, - деді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Еркеғали Корбозов.

Қатысушылар www.astanatriathlon.kz сайты арқылы тіркеледі. Егер тілек білдірушілер саны лимитке жетсе, оны алдын ала жабуға болады. Жарыс туралы барлық ақпарат Астана Триатлон федерациясының әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған: @astana_triathlon. Жарыс қала әкімдігінің, Астана спорт басқармасының, Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен өткізіледі.

Қалалық саябақ аумағында орналасқан шаңғы-ролл трассасында әскери қызметшілер, мемлекеттік қызметшілер, денсаулық сақтау, білім беру қызметкерлері, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, студенттер және т.б. арасында тұрақты негізде қалалық спартакиадалар өткізіледі. Оның ішінде 14 ақпанда елордадағы шаңғы трассасында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелері мен бас басқармалары, Қарулы Күштердің Бас штабы арасында шаңғы жарысы бойынша чемпионат өтеді, - деді Е.Корбозов.

Сондай-ақ, 17 ақпанда ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің қызметкерлері арасында шаңғы жарысы өтеді.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: