Елордада ТМД елдерінің педагогтері бас қосты

4 Қазан 2022, 13:27 1737

Алғаш рет Қазақстанда ТМД-ның білім беруші мүшелерінің съезі 2010 жылы өткен болатын.

Астанада «Жаңа нақты жағдайда Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру және пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру үдерісінің трансформациясы» тақырыбының аясында ТМД елдері педагогтерінің VII съезінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz.

Аталған съездің отырысында мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова бірнеше мәселелер талқыланғандығын айтты.

«Отырыста ТМД елдерінің білім саласындағы мақсаты мен міндеттері айқындалып, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынасты нығайту мақсатында жоспар құрылды. Съезге 5 елден келген делегаттар қатысады. Олардың ішінде мұғалімдер мен білім беретін қызметкерлер бар», - деді Гүлмира Кәрімова.

Оның айтуынша, 5 қазан күні өтетін ТМД елдер педагогтерінің VII съезінің пленарлық отырысына 1000-ға жуық ұстаздар қатысатын болады. Ол жерде білім саласына қатысты түрлі мәселелер талқыланып, шешім қабылданатын болады дейді.

Сондай-ақ Қазақстанда өтіп жатқан педагогтердің съезінде Беларусь мемлекетіндегі білім министрінің бірінші орынбасары Ирина Старовойтова білім беру тәжірибесімен алмаса аламыз деп отыр.

«Съезге жиналған бірнеше мемлекет білім саласындағы бар тәжірибесімен бөлісе алады. Біз де өзге мемлекеттермен тәжірибе алмасу арқылы білім беру жүйесін жетілдіреміз деген ойдамын. Оның ішіне біліктілікті арттыру, жаңа білім беру бағдарламалары және қазіргі жас ұрпаққа қажет ақпараттарды беруді жатқызуға болады», - деді ол.

Айта кетейік, педагогтер съезі 2 жылда 1 рет өткізіліп отырады. Съезд 4-6 қазан аралығында өтеді.


Ажар Лаубаева
Бөлісу: