Елордада Тәуелсіздік күніне орай қысқы спорт маусымының ашылуы өтеді

15 Желтоқсан 2022, 10:22 1195

Бұл туралы қала әкімдігі мәлім етті

Елордада шаңғыроллер тасжолында 16 желтоқсан күні ҚР Тәуелсіздігінің 31 жылдығына арналған қысқы спорт маусымының ашылуы өтеді. Іс-шара аясында шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс және белбеу күресі секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қалалық спорт басқармасының баспасөз орталығының мәліметінше, жарысқа жеке спорттық жабдықтары бар кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Тіркелу кезінде жеке куәлік болуы қажет.

«Астанада қысқы спорттық маусым алғашқы бұқаралық шаңғы жарысымен ашылады. Жыл сайын қысқы спорт түрлерінен маусымның ашылуына қаланың мыңдаған тұрғыны мен қонағы жиналады. Олардың арасында мектеп оқушылары, студенттер, күш құрылымдарының қызметкерлері және қоғам өкілдері спорт жарыстарына қатысып, күш сынасады. Бұл ретте бастысы жеңіске жету емес, өйткені жыл сайынғы шаңғы фестивалі отбасылық және корпоративтік демалыстың жақсы бір түрі болып саналады. Шараға қатысушыларды тіркеу таңғы сағат 09:30-да, ал шаңғы жарысы мен спорттық сайыстар сағат 11:00-де басталады. Қатысушыларға старттық нөмірлер әрбір жас тобына қарай жарыс басталмастан 30 минут бұрын беріледі. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін спорттық іс-шаралар мен шаңғы жарысының жеңімпаздары, жүлдегерлері әр жас тобы бойынша бағалы сыйлықтармен, дипломдармен және медальдармен марапатталатын болады. Қала тұрғындары мен қонақтарын қысқы шаңғы маусымының ашылуына орай өтетін спорттық мерекеге қатысуға шақырамыз», - дейді қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастыратын іс-шара сағат 11:00-де шаңғыроллер тасжолында (саябақ аймағында орналасқан Astana Park Hotel) басталады.

EL.KZ
Бөлісу: