Елордада шахматтан Қазақстан кубогының бірінші кезеңі аяқталды

2 Мамыр 2023, 14:56 853

Астанада Kazakhstan Chess Cup – шахматтан Қазақстан Кубогының бірінші кезеңі аяқталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тартысты өткен ойын барысында турнирдегі жеңіс 15 жастағы қазақстандық шахматшы Алдияр Ансатқа (FIDE рейтингі – 2317) бұйырды. Бәсекеде жас шахматшы кубокқа қатысқан бірқатар атақты гроссмейстерді жеңді.

Турнир барысында Алдияр 7,5 ұпай жинады. Армениялық гроссмейстер Шант Саргсян (2630) екінші орынды, украиналық Александр Моисеенко (2573) үшінші орынды, FIDE атынан өнер көрсеткен Алексей Гоганов (2525) төртінші орынды иеленді. Бесінші орынды ирандық Данешвар Бардия (2540), алтыншы орынды АҚШ-тан келген Ханс Ниманн (2706) алды.

Ардагерлер арасында бірінші орынды астаналық Фазиль Гусейнов, екінші орынды тараздық Айтқазы Баймурзин, үшінші орынды павлодарлық Төлеген Нукин жеңіп алды.

Әйелдер арасында бірінші орынды екі апта бұрын Қазақстан Республикасының әйелдер құрамасының әлем әйелдер құрамасына қарсы өткен турнирінде өзін ерекше танытқан алматылық әйелдер арасындағы халықаралық шебер Алуа Нұрманова иеленді.

Екінші орын шымкенттік Аяулым Қалдароваға бұйырса, үшінші орынға астаналық Әмина Қайырбекова тұрақтады.

Турнирге әлемнің 16 елінен 167 шахматшы қатысты.

EL.KZ
Бөлісу: