Елордада оқушылар лагерінің екінші маусымы басталды

18 Маусым, 20:15 649

Елордада мектеп лагерінің екінші маусымы басталды. Осыған орай №79 мектеп-лицейінде мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Іс-шарада оқушылар мен педагогтар шығармашылық нөмірлерімен өнер көрсетті. Қатысушылар өздерінің вокалдық және би шеберліктерін ұсынды.

Бүгін мектеп жанындағы лагерьдің екінші маусымының салтанатты ашылуы өтті. Биыл қаланың білім басқармасының тапсырмасы бойынша біз лагерьдің жаңа түрі – этнолагерь аштық. Киіз үй, екі беседка қойдық, онда іс-шаралар өткіземіз. Этнолагерь аясында ұлттық дүниетанымды тәрбиелейміз, салт-дәстүрлер туралы айтамыз. Сондай-ақ, 5-9-сынып оқушылары үшін үш бағыт жұмыс істейді – IT, туристік, «Таланттар жазы». Сонымен қатар, бізде 1-4-сыныптарға арналған мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылды, - деді №79 мектеп-лицейінің директоры Құралай Мұқышева.

Астананың білім беру ұйымдарының базасында 97 мектеп жанындағы лагерь, оқушылардың қызығушылығы бойынша 75 бейіндік лагерь және 21 этнолагерь жұмыс істейді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру екі бағыт бойынша жүргізіледі – сауықтыру және жұмыспен қамту.

Биыл білім беру ұйымдарында мектеп жанындағы, бейіндік, киіз үй және спорт лагерлері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдарында оқушылар сарайлары, өнер мектептері, музыка мектептері – 1000-нан астам іс-шара өткізді. Жаңашылдықтардың бірі – 5-9 сынып оқушыларына арналған тақырыптық лагерьлер ұйымдастыру. Біз әр баланың жазғы кезеңде жұмыспен қамтылғанын қалаймыз, - деді қалалық білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.

Оқушылар арасында танымал бағыттардың бірі – этнолагерь. 8-сынып оқушысы Елдар Абылайхановтың айтуынша, бірінші маусымда ол жаңа достар тауып, елдің ұлттық мәдениеті туралы көбірек білді.

Этнолагерде біз түрлі конкурстарға, викториналарға қатыстық. Өзім осы бағытты таңдадым, өйткені мен қазақ мәдениеті, ұлттық тағамдары, салт-дәстүрлері туралы көбірек білгім келді. Маған басқа балалармен қарым-қатынас ұнады. Лагерьде командалық жұмысқа баса назар аударылды, біз бір-бірімізге көмектестік. Мен лагерьге жазылуды жоспарлап отырмын, бірақ өзімді басқа бағытта сынап көргім келеді, - деді ол.

Биыл жазғы демалыстың барлық түрімен 1-10 сыныптардың 200 мыңнан астам оқушысы қамтылатынын атап өткен жөн.

Зарина Арман
Бөлісу: