Елордада «Музейлер түні» акциясы басталды

18 Мамыр 2023, 21:28 975

Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Музейлер түні» акциясының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кезекті акция биыл «Музейлер, тұрақтылық және әл-ауқат» тақырыбындағы Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылды.

«Музейлер түні» мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған іс-шаралардың апталық бағдарламасына енуімен ерекшеленді.

Алдымен мерекелік кеште «Қорқыт» этно-ансамблі халыққа өнерін паш етті.

Акцияның ашылу салтанатында алғаш болып мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сөз сөйледі.

Тамыры терең тарихымызды дамыту жолында өзіміздің мұражайларымыздың рөлі ерекше деп айтсақ қателеспейміз. Бүгін елордамыздың төрінде Ұлттық музейге 5,5 мың көрермен келіп отыр. Барлығына өз ризашылығымды білдіргім келеді. Дәстүрлі форматтағы ұрпақтар сабақтастығын сақтай отыра, ұлы қазақ даласының мәдениеті мен өнерін дамыту жолында ерінбей еңбек етейік, - деді Асхат Раздықұлы.

Министр аталмыш мерекеге орай үздік музей мамандарына өз қолымен төсбелгілерді табыстады.

Ақмола облысы Мәдениет басқармасы Мәлік Ғабдуллин музейінің бас қор сақтаушысы Серікжан Жүзжанова  «Музейлер түні» мерекесімен құттықтады.

Бәрімізге мәлім, музей деген – қор, қор деген – музей. Ұлттық музейде биік дәрежеде қор қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсы болды. Шын жүректен алғысымызды білдіргіміз келеді, - деді ол.

«Музейлер түні» акциясына барша өнерсүйер қауым жиналды.

Халықаралық акцияда Ұлттық музей басылымдары мен «Алматы-кітап» баспасының кітап көрмесі, «Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде» авторлық қуыршақтар көрмесі, «Көненің көзін ашу» атты ҚР Ұлттық музейі Консервация және қалпына келтіру қызметінің көрмесі мен шеберлік сабақтары, қолөнер жәрмеңкесі, ғылыми дәрістер, театрландырылған экскурсиялар мен ойын-квесттері түнге дейін өтетін болады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: