Елордада Мемлекеттік басқару академиясының 30 жылдығы атап өтілді

15 Қараша, 22:43 467

Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 30 жыл. Мерейтойға орай бүгін Академияда «Мемлекеттік басқару жəне мемлекеттік қызмет: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияның ашылуында ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Шөмішбайұлы Сариев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. 

30 жыл уақыт аралығында Академия еліміздің білім жүйесіндегі беделді оқу орындарының біріне айналды. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін шыңдау ісін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтерді. Озық ойлы, отаншыл әрі кәсіби мамандар даярлаудың өзіндік дәстүрін қалыптастырды. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, Әділетті Қазақстанды құруға атсалысу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Олардың адал, жаңашыл әрі жасампаз болуы аса маңызды. Академия осы асыл қасиеттерді әр түлектің бойына сіңіріп, мемлекетшіл мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді. Мұның бәрі оқытушылар қауымының еселі еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Білім ордасының ұжымы алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін, – делінген құттықтауда.

Мерейтойлық шарада Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» грамотасы, «Алғысы», төсбелгісі табысталды. Мемлекеттік қызмет ардагері, әр жылдары Академияны басқарған ректорлары, оқу ордасының ардагер қызметкерлері, шетелдік серікстестері «Академияның дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 

Конференцияның пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Әбдіров Нұрлан Мәжитұлы, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері Жақсыбек Әбдірахметұлы Құлекеев, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Мұхамедияұлы Байменов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Медеғалиұлы Жазықбай Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Брюссель дипломатиялық академиясының директоры (Бельгия) Гюнтер Гоблом құттықтау сөз сөйледі. 

Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов жаһандық трендтер мен өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, мемлекеттік басқару теориясы мен практикасын дамытудың тұжырымдамалық мәселелеріне тоқталды. Ол сондай-ақ реформаларды ғылыми сүйемелдеу мәселесін қозғап, қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап берудің сапасы мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерінің фальсификациясымен және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін пайдалануымен анықталатынын атап өтті. Сондай-ақ Әлихан Мұхамедияұлы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар бастамасы шетелдік сарапшылар тарапынан қолдау тапқанын атап өтті. 

«Сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік қызметті қалыптастыру» секциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Сыйлыбайұлы Мүксімов және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл модераторлық етіп, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделі, мемлекеттік қызметтерді азаматтардың жеке қажеттіліктеріне бейімдеу мәселелерін талқылады. 

Академия ректоры Ерлан Әбіл өз сөзінде конференция қатысушыларын мерейтоймен құттықтап, оқу ордасының жетістіктеріне қысқаша тоқталды.

Академияның бүгінгі жетістіктері – ұжымымыз мен серіктестеріміздің ортақ еңбегінің нәтижесі. «Дәстүрді сақтап, болашаққа ұмтылу» ұранымен ұрпақтар сабақтастығын сақтап келеміз. Академия мемлекеттік қызметшілерді даярлаумен және олардың біліктілігін арттырумен шектелмей, мемлекеттік органдарға ғылыми-талдамалық жұмыстар ұсынатын жоғары оқу орнына айналып отыр. Мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша жобалық басқаруды енгізу, бизнес-процестерді оңтайландыру және реинжиниринг, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты енгізу, персоналдың HR сертификаты және т.б. бойынша консалтингтік қызметтер көрсетеміз. Академияның Ассессмент орталығы 2019 жылдан бері үш рет қатарынан Президенттік жастар кадр резерві жобасының іріктеу кезеңдеріне атсалысып, үміткерлердің құзыреттіліктерін бағалады. Нәтижесінде ассессорлар пулы қалыптасып, биыл Өңірлік кадрлық резерв жобасына үміткерлерді іріктеу кезеңдерін толықтай Академия ұжымы жүзеге асырды. Жиырмадан астам ұйымға  ISO 37001 халықаралық стандарты бойынша аудитті енгізу және өту бойынша әдістемелік қолдау көрсеттік. 2023 жылы Академия бастамасымен «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Адами ресурстарды басқару» бағыттары бойынша маман даярлайтын 30-дан астам қазақстандық ЖОО арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Академияның 4 магистрлік бағдарламасы European Association for Public Administration Accreditation аккредиттеуінен сәтті өтті. Бұл бізге қосдипломды бағдарламаларды, шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.  Шетелдік серіктестерімізге 30 жылдық мерейтойға келгені үшін алғыс білдіремін. Біз серіктестікке, ортақ жобаларға әрдайым ашықпыз, – деді ректор.  

Ерлан Қуанышұлының айтуынша, Академия еліміз бойынша Ұлттық стандарттарға сәйкес адами ресурстарды басқару және жобаны басқару бойынша персоналдың сәйкестігін растайтын жалғыз аккредиттелген орган мәртебесіне иеленген.

Секция отырысында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделі туралы айтып, қатысушыларды бүгінгі Валюта күнімен құттықтады. Елімізде жаңа цфирлық валюта болатынын хабарлап, алтын инвестициялық монеталарды кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен online сатып алуға және сатуға болатынын атап өтті.  

Сондай-ақ секцияға шетелдік серіктестер, Мемлекеттік басқару академияларының ректорлары, Бургас аймағының губернаторы (Болгария) Мария Нейкова, Мұхаммед бен Рашид атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің атқарушы президенті (БАӘ) Али бин Себаа Аль-Марри, Кл. Охрид атындағы София университетінің ректоры (Болгария) Георги Вълчев, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Алмазбек Ақматалиұлы Ақматалиев, Армения Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Хачатур Казеян, Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Сафарзода Даврон Джурахон, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының проректоры Андрей Маркович Марголин, Орал федералды университетінің Мемлекеттік басқару және кәсіпкерлік мектебінің директоры (Екатеринбург) Клюев Алексей Константинович, Миколас Ромерис университетінің Мемлекеттік басқару институтының директоры
(Литва) Андриус Стасиукинас қатысты. 

Мен Астанадағы Мемлекеттік басқару академиясында бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Бұған дейін де осындай конференцияларға қатысқанмын. Бүгінгі таңда Қазақстандағы мемлекеттік басқару тәжірибесін тыңдау өте қызықты, өйткені мемлекеттік саясатта өзгерістер, түрлі реформалар болып жатқанын білемін. Біздің мемлекеттік басқару мектептері бір-біріне өте ұқсас, соның ішінде магистранттарға қойылатын талаптар да ұқсайды. Біз өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз және мектептер арасындағы серіктестікті жақсарта аламыз. Біріккен Араб Әмірліктері әу бастан жасанды интеллектке үлкен көңіл бөлген. 2017 жылы біз Жасанды интеллект министрлігінің құрылғанын жариялаған алғашқы үкімет болдық. Әрбір мемлекеттік құрылымға жасанды интеллект бойынша бас директор тағайындалатынын хабарлағанбыз. Олар бұл технологияны институт қызметтерін жақсартып, жұмысшылардың өнімділігін арттыру мақсатында қалай пайдалануға болатынын зерттейді, – деді Али бин Себаа әл Марри, Мұхаммед бен Рашид атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің атқарушы президенті (БАӘ). 

Болгариядан келген Бургас облысының губернаторы Мария Нейкова осы уақытқа дейін Академияда мемлекеттік қызметшілерге дәріс оқығанын атап өтті. 

Мен осы конференцияға қатысып, Болгар тәжірибесімен бөліскеніме қуаныштымын. Бургас облысының губернаторы ретінде де, мемлекеттік басқару саласына зерттейтін профессор ретінде де ұлттық және аймақтық деңгейде жақсы дайындалған мемлекеттік қызметшілер болуы керек екенін атап өткім келеді. Осы жылдың басында мен осында дәріс оқыдым. Профессор Масалимоваға дәріс оқуға мүмкіндік бергені үшін жеке алғыс айтқым келеді. Мұнда білімге құштар жас мамандарды көрдім. Олармен 10 жылдық тәжірибеммен бөліскеніме қуаныштымын, – деді губернатор.

Конференцияның «Мемлекеттік басқарудағы қазіргі тенденциялар» секциясына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Сағатұлы Жолманов және Академияның Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры Талғат Жардемқұлұлы Жақиянов модераторлық етті. Онда мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелері және үздік тәжірибелері талқыланды. Секцияда алғашқы болып БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа баяндама жасады. 

Сондай-ақ конференция аясында Академия ректоры Ерлан Әбіл шетелдік Мемлекеттік басқару академиялары ректорларымен кездесу өткізді. Жиында мемлекеттік қызмет үшін кадрлар даярлау мәселелері және бірлескен жобалар талқыланды. 

Конференцияның «Кадрлық процестер мен мемлекеттік қызметтерді көрсетуді цифрландыру және жасанды интеллект» секциясын ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының корпоративтік және қаржылық қызмет жөніндегі вице-ректоры Ұлан Абдилкаилұлы Бекіш жүргізді.

«Мемлекеттік қызметті кәсібилендіру» секциясына академиялық қызмет жөніндегі вице-ректор Маргарита Бөлегенқызы Қадырова модераторлық етті.
Сонымен қатар мерейтой аясында Академия түлектерінің форумы өтті. Форумға өңірлерден Академияның 1996 жылдан бастап әр жылдардағы түлектері келді.

Атап өтейік, осы жылы түлектердің потенциалын бітіктіру, ортақ жобалар жүргізу мақсатында Президенттік Академия түлектерінің альянсы құрылды. 30 жыл ішінде Академия 3 мыңнан аса мемлекеттік қызметшіні магистратура және докторантура бойынша оқытты.

Бүгінде олардың көпшілігі жоғары саяси, атқарушы және заң шығарушы органдарда қызмет етіп, еліміздің дамуына зор үлес қосып жүр. Кейбір түлектер мемлекеттік емес ұйымдарда, квазимемлекеттік секторда жұмыстарын жалғастырып жатыр. Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерінің 34-і Академия түлегі болса, Өңірлік кадрлық резервке 31 түлек мүше болып отыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: