Елордада ҚХА Ақсақалдар алқасы Кеңесі құрылды

10 Желтоқсан 2019, 15:35 3935

Бүгін Достық үйінде елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан Ақсақалдар алқасы Кеңесі құрылды. Ақсақалдар кеңесін басқару мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, елге белгілі аузы дуалы ақсақал Байгелді Өмірбекке тапсырылды. Сондай-ақ, Кеңес құрамына қоғамның әр саласында қызмет атқарып жүрген, халық алдында беделі жоғары, өмірі өнегелі азаматтар сайланды. Олардың ішінде ҚХА мүшелері, еңбек ардагерлері, қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, дін қызметкерлері бар.

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Л.Құсайынова елордалық Ақсақалдар алқасы Кеңесін құрудың кезең талабы екенін айтып өтті. «Ақсақалдар алқасы Кеңесі қалалық Ассамблеяның жұмысына көмек көрсетіп қана қоймайды, ол дербес құрылым ретінде ел ішіндегі әлеуметтік мәселелердің дер уақытында шешімін табуына үлес қосады. Тарихта әр халық қай уақытта болмасын билер кеңесіне, ақсақалдар алқасының төрелігіне жүгінген. Сондықтан, бүгінгі шара сол ата дәстүрінің өз жалғасын тауып, жаңғыруы», - деді Кеңес жұмысын ұйымдастыру отырысында сөз сөйлеген Ләззат Құсайынова.


Кеңес отырысына қатысушылар оның төрағалық қызметін бірауыздан қоғам қайраткері Байгелді Өмірбекке сеніп тапсырды.

Айта кету керек, Байгелді ақсақал сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар Кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының бірнеше шақырылымының депутаты, Ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның Инженерлік академиясының және Халықаралық Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі болып табылады.


«Ел бірлігі мен татулығының, жанашырлық пен қамқорлықтың қадірін бала кезімізден біліп өстік. Біздің ауылымызға сырттан көшіп келген түрі бөлек адамдар алғашында балаларын сыртқа ойнауға жібермейтін. Туған жерінен күштеп көшіріліп, жолшыбай өлім-жітімді, аштық пен суықты көрген олар бастапқыда жат ортадан үрейленген де болар. Бала болған соң, біз бәрібір олар тұратын жерге барып, балаларын айқайлап ойын ойнауға шақырдық. Олар көпке дейін үн шығармады. Бір уақытта барып, аштықтан әдбен жүдеп-жадаған бір бала ғана шықты. Бізге қарап алақанын жайды. Бірнәрсе сұрап тұрғанын біліп, құрт бердік. Алақанындағы құртқа қарап не істерге білмей тұрғанын көріп, «же» деп ымдаймыз. Ол дәмін көрді де, үйіне жүгіріп кетті. Сәлден кейін қайтадан шығып алақанын жайды. Осылайша, ол бізден алған құрт-ірімшікті үйіне тасыды», - деді елдің бейбіт тірлігі мен ұлттық саясаттың бірлік пен татулыққа негізделуінің маңыздылығына мән артқан Байгелді ақсақал.

«Қазір де құралақан қарап отырғаным жоқ, әлем елдерінің әлеуметтік теңсіздігіне ғылыми зерттеу жүргізудемін. Бүгінге дейін әлемнің 70 елінде болдым. Бейбітшілікті ту еткен халық - Тәңірі сүйген мемлекет. Мен өз халқымды аса қатты қадірлеймін. Біз саяси жүйенің құрбаны болған халықтарды құтқару бақытына ие болдық. Олардың қалай опат болғанын көзімізбен көрдік. Сол нәубеттен аман қалған ұрпақтарының елден кетпей, Қазақстанды өз Отаным деп танығанына, таңдағанына шын қуанамыз. Әр халықтың дәстүрінде, руханиятында, мәдениетінде өз асылы бар. Біз сол құндылықтарды сақтап, дәріптеуіміз керек», - дейді Байгелді Өмірбек.


Оның сөзін қалалық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрметті төрағасы Салман Героев те қуаттады. «Біз бейбітшілік пен тыныштықты қазақ жерінен таптық. Егер шешендер мен ингуштар басқа елге тап болғанда, бізге мұндай мүмкіндіктер берілер ме еді деп ойлаймыз. Біздің өмірімізді сақтап қалған халыққа алғысымыз шексіз. Осыдан төрт жыл бұрын Ингушетияда конференцияда қазақстандық ингуштар мен шешендер бас қосты. Сонда мен бізге екінші өмір сыйлаған ұлы Сарыарқа даласына алғысымды өлең жолдарымен жеткіздім. Халықтың риза болғаны соншалық, олар орындарынан тұрып қол шапалақтады. Сонау Ингушетияда қазақ халқына көрсетілген бұл құрмет менің де кеудемді мақтанышқа толтырған еді», - деген Салман Героев Ақсақалдар алқасы Кеңесінің жұмысын мектептерде, оқу орындарында оқушылармен, студенттермен кездесуден бастауды ұсынды. Сондай-ақ, ел ішіндегі мәселелерді тереңірек зерттеп, зерделеу үшін кеңес мүшелері қалалық мекемелер ұжымдарымен де кездесіп, сұқбат өткізуі керек деді ол.


Одан кейін сөз кезегін алған «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының ақпараттық-насихаттау тобының мүшесі, Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Қазбек Қазкенов, «Возрождение» неміс қоғамының Басқарма мүшесі Леонид Гейленгер, Астана қаласы кәрістер этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Коре ильбо» республикалық газетінің меншікті тілшісі, хатшы Владимир Сон, Рыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Яхияхаджи Исмаилов ел бірлігі, ұлттар достығы, ұрпақ сабақтастығы мен жастар тәрбиесі төңірегінде өзекті мәселелерді ортаға салды.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: