Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Алексей Груздевпен кездесті, деп хабарлайды El.kz Индустрия министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар келесі жылы Қазақстанда Иннопром халықаралық өнеркәсіптік көрмесін өткізу жайын талқыға салды.
Иннопром көрмесі 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде Екатеринбург қаласында өткізіліп келеді. Ауқымды шара өнеркәсіп өкілдері үшін сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға, жаңа нарықтарды ашып, серіктестерді табуға, тапсырыс берушілер және жеткізушілер арасында диалог орнауына септігін тигізеді.
Кездесу барысында Қайырбек Өскенбаев халықаралық көрмені ұйымдастыру келесі жылдың қазан айына жоспарланғанын атап өтті.
«Биыл Қазақстан ИННОПРОМ-2022 көрмесінің ресми серіктес елі болды. 1600 шаршы метрді құрайтын қазақстандық экспозиция алаңына химия, фармацевтика өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы мен жеңіл өнеркәсіп салаларынан 200-ден астам компания орналасты. Біз үлкен тәжірибе жинадық, ендігі ретте еліміздің астанасында осындай шараны өткізу мақсаты тұр»,- деді министр.
Өз кезегінде, Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Алексей Груздев шараны ұйымдастыру жұмыстарына барынша қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Тараптар алдағы уақытта көрмеге қатысуға ниетті өндіріс ошақтарымен жұмыс жүргізбек.