Елордада «Eurasian Book Fair -2022» өтеді

12 Сәуір 2022, 12:47 4366

Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі "EXPO” халықаралық көрме орталығында ұйымдастырылады. Ол 20 мен 24 сәуір аралығында өтеді.

Бесінші рет өткелі отырған кітап жәрмеңкесіне қатысты баспасөз конференциясы болды. Мұнда қатысқан спикерлер кітап көрмелерін өткізудің маңызы жайында талқылады.  


Жазушы Әлібек Асқаров жастарды дәстүрлі кітап оқуға үйретуге кітап жәрмеңкелерінің тигізетін септігі мол екенін айтады.

–Цифрлық дүниеге үйреніп алған жастар қазір дәстүрлі кітаптан алшақтап барады. Бұл сөз дилетанттары көбейіп бара жатқанын аңғартады. Адамды адамгершілікке тәрбиелейтін көркем әдебиетті электронды нұсқадан оқи алмайсыз,- дейді Әлібек Асқаров.


Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек пікірінше, кітап оқуды сәнге айналдыру қажет.

–Мұндай көрмелер не үшін қажет? Ең әуелі оқырман қауымды қазіргі кітап саласында қандай жаңалық барын таныту және жаңадан шыққан кітаптарды таныстыру. Екіншіден, баспагерлер арасында тәжірибе алмасу. Сондай-ақ бұл кітап жәрмеңкесі – кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын тамаша формат, - дейді Ақберен Елгезек.


Танымал тележүргізуші Зейін Әліпбек кітап оқу культін қайтарудың үш жолын атады.

–Біріншісі, әр шаңырақта ата-ана кітап оқу дәстүрін қалыптастырған жөн. Ата-анасы кітап оқып отырса, бала да соған қарап оған қызығушылық пайда болады. Екінші жолы БАҚ-та көркем-әдебиет тақырыбын кеңінен насихаттау керек секілді. Қазір кез келген ақпарат құралын ашып қарасақ, кітаптар әсіресе проза, поэзия жайында материал жазылып жатқан дүниелердің шамамен бес пайызы ғана болатын шығар. Меніңше, сол цифрді 20 пайызға жеткізуге болады. Үшінші жолы кітап оқу үрдісін бала-бақшадан бастап мектепте қосымша оқу әдіс-тәсілі енгізілсе, септігі тиер еді. Білім беру орындарында түрлі шаралар жасалса, біз кітап оқитын ұлтқа жақындайтын боламыз, - деп сөзін түйіндеді Зейін Әліпбек.


Еске сала кетейік, кітап көрме жәрмеңкесі соңғы рет 2019 жылы өткен болатын.

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: