Елордада «Ерлік күні» акциясы өз жалғасын тапты

18 Ақпан, 21:25 598

Елордадағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Бүркіт» көркем фильмі көрсетілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отандық 16 жоғары оқу орны мен әскери кафедралар қолдаған «Ерлік күні» акциясы бұған дейін де үш күн бойы Алматыда өткенін айта кеткен жөн.

Астанада «Бүркіт» фильмінің көрермендері ҚР Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбаздары мен «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері болды. 

«Бүркіт» фильмінің продюсері және бас әскери кеңесшісі – запастағы полковник Камал Жақсылықов. Ол күрең берет иесі. Алматыда бөлімше командирі болған, жауынгер кезінде алған жарақаты бар. 25 жыл арнайы жасақта қызмет еткен және бұл саланы бес саусағындай біледі.  

Біз арнайы мақсаттағы бөлімшелерде де күнделікті проблемалары мен армандары бар қарапайым жігіттер қызмет ететінін көрсеткіміз келді. Алайда мұндай мамандық таңдау олардың мінезі мен іс-әрекетін анықтайды. Фильмді көрген соң, әдетте, балалармен әңгімелесіп, қызмет, патриотизм және болашақ туралы сөйлесеміз, - деп түсіндірді шараның мақсатын К. Жақсылықов.  

Шынайы оқиғаларға негізделген фильмнің желісі Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы үш жауынгері – Руслан, Қайсар және Айбын жайлы өрбиді. Жігіттер өз өмірлерін арнайы бөлімшенің қызметіне – тәртіп сақшыларының элитасына арнаймыз деген шешімге келеді. Оған қол жеткізу үшін талай сынақтан өтуге – күрең берет кию құқығына ие болу үшін біліктілік емтиханын тапсыруы тиіс болды. 

Кино маған ұнады. Адалдықты, батылдықты және Отанға деген сүйіспеншілікті үйрететін картиналар бар. Бір жарым сағат қалай өткенін байқамай қалдық. Осындай фильмдер көп түсірілсе екен, - деді  8 сынып оқушысы, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушісі Үміт Берген.

Ал 10 сынып оқушысы, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушісі Жасмин Ашурова кинодағы  басты кейіпкердің батылдығын атап өтті. 

Фильм маған қатты әсер еткені сонша, мен залдағы шамдар жанғанда ғана көзімді экраннан әрең әкеттім. Фильм адамдарды қарапайым нәрселерге көңіл бөлуге ой салады екен, - деді мектеп оқушысы.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: