Елордада бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде екі мыңға жуық орын ұсынылды

21 Қыркүйек 2022, 13:58 880

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді

2022 жылдың басынан бері Астанада бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке бес рет өткізілді, оған 300-ге жуық елордалық жұмыс беруші қатысты. Кезекті жәрмеңке «Жастар» сарайында өтті, деп хабарлайды El.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді, онда 50 компания қала тұрғындарына 1820-дан астам бос жұмыс орнын ұсынды.

«Біздің компания бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне екінші рет қатысып отыр. Жақсы нәтиже бар. Бағымыз жанып, жақсы мамандарды табамыз деп үміттенеміз. Өткен жолы экспедиторлар жалдадық, ал қазір мерчендайзерлерді іздеп отырмыз», - деді «Радуга» ЖШС өкілі Рауана Базылова.

Елорданың халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Бақыт Рақышеваның айтуынша, іс-шараның мақсаты – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.

Жұмыс іздеушілердің айтуынша, жәрмеңкеге қатысу уақытты үнемдейді және бірден бірнеше жұмыс берушімен сұхбаттасуға мүмкіндік береді.

«Мен Headhanter және өзге де түрлі сайттар арқылы іздеймін, бірақ жұмыс берушілердің басы қосылып, таңдау еркі көбірек болған жақсырақ.

Уақытты үнемдегенге ыңғайлы», – деп бөлісті ЖОО түлегі Айгүл Омарова.

Жұмыс беруші компаниялар мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына белсенді қатысады. Осындай бағдарламалар аясында мемлекет жұмыспен қамту орталығы арқылы алғашқы айларында 30-дан 100%-ға дейін жалақы төлейді.

Жұмыс берушілердің пікірінше, мұндай бағдарламалар жұмыс іздеушілерге тәжірибе жинауға, ал компанияларға жаңа қызметкердің жұмысын бағалауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығы елордалық 296 жұмыс берушінің қатысуымен бес жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Онда құрылыс, өндіріс, сауда, тұру, тамақтану, қаржы және сақтандыру қызметі, көлік және қоймалау және т.б. сияқты түрлі қызмет салалары бойынша бос 8 123 орын ұсынылған.

Жұмыс берушілер ұсынған сұранысқа ие мамандықтар: жабдық инженері, слесарь, әр түрлі бағыттағы бухгалтер, сәулетші, инженер-жобалаушы, әр түрлі санаттағы жүргізуші, заңгер, сату жөніндегі менеджер, қаржы кеңесшісі, несие менеджері және т.б. Кадрлардағы ең үлкен тапшылық денсаулық сақтау, сауда, құрылыс және өндіріс салаларында байқалады.

Бос орындар жәрмеңкесіне барлығы екі мыңнан астам жұмыссыз азаматтар қатысты. Жәрмеңкелерді өткізу барысында әңгімелесуге 500 адам шақырылды, оның ішінде 240 ізденуші тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды.

Бөлісу: