Елордада «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өтті

18 Тамыз 2022, 15:40 2671

Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа орналастыру

Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар сарайы» МКҚК аумағында «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өтті, деп хабарлайды El.kz.                      

Оған кез келген жас аралығындағы 450-ге жуық жұмыссыз азамат қатысты. Іс-шараға келген 50-ден астам жұмыс берушінің 9-ы пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұрғындарға 197 бос жұмыс орындарын ұсынды.

Аталған жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Әділет департаменті, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Прокуратура өкілдері қатысты.


Жәрмеңкені ұйымдастырушылардың бірі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары іс-шара туралы өз пікірін білдірді.

««Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің» басты мақсаты – жұмыссыз жүрген халықты жұмыспен қамту. Бұл іс-шараны 2-ші рет өткізіп жатырмыз. 65 кәсіпорын 300 мамандықпен 1200-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Қараша айына дейін елімізде 10 жәрмеңкені өткізуді жоспарлап қойдық», – деп жауап берді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Талғат Есімов.

Халыққа ұсынылған жұмыстың ішінде мұғалім, заңгер, программист, психолог, тәрбиеші, сатушы, күзетші және тағы да басқа бірнеше қызмет түрі болды. Ең төменгі айлық 60 000 теңгені құраса, ең жоғарғысы 350 000 теңге шамасында.

Жәрмеңкедегі жұмыс беруші мекемелердің қандай қызметкерлерді іздеп жүргенін білу үшін өздерін әңгімеге тарттық. Алғаш болып енді жаңадан ашылғалы жатқан мектеп директоры Ботагөз Төлеухановамен сөйлестік.

«28 тамыз күні қаладан 200-250 оқушыларға арналған жаңадан мектеп ашқалы жатырмыз. Маған балаларға тамақ дайындайтын аспаз бен оның көмекшілері қажет. Қызметке орналасушы бастысы ас әзірлей алатын, 3 жылдық еңбек өтілі бар маман болуы керек. Жұмысты жақсы істейтін болса, мен оған 250 000 теңге айлық төлеуге дайынмын», – дейді мектеп директоры Ботагөз Төлеуханова.

Ал қалалық супермаркеттің рекрутер маманы Гүлім Мырзагазиева кез келген азамат біздің кәсіпорынға жұмысқа тұра алатынын атап өтті.

«Бізде қазіргі таңда 10-нан астам қызмет түрі бар. Жұмысқа тәжірибемен де, тәжірибесіз де алып жатырмыз. Бүгін 15 шақты адам жұмысқа тұруға өтініш білдірді. Айлығы 130 000-200 000 теңгеге дейін беріледі», – деді Гүлім Мырзагазиева.

Іс-шарада жұмыс іздеп келуші жас мамандар көп болды. Басым бөлігі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға ниетті. Алайда жұмыс беруші мекемелердің көбісі еңбек өтілінің болуын талап етеді деп қынжылды.

«Мұндай жәрмеңкеге 2020 жылы оқу бітіргенде 1 рет қатысқанмын, ал осы жолы 2-ші рет келіп отырмын. Бакалаврды мемлекеттік және жергілікті басқару, ал магистратураны менеджмент мамандығы бойынша бітірсем де әлі жұмыс таба алмай жүрмін. Күнде enbek.kz-тен жұмыс қарап отырамын. Түйіндемемді бірнеше мекемелерге жіберген. Бірақ кері байланысып, жауап қайтарғандар саны өте аз. Себебі қазір барлық жұмыс берушілер еңбек өтілін сұрайды. Бізде жаңа оқу бітірген маман ретінде тәжірибе қайдан болсын?!», – деп жауап берді Айшабибі Еркенова.

Ал елордаға Тараз қаласынан енді көшіп келген Жазира Тоқтыбаева қызметінің ақысы ретінде төленетін ақшаның аздығын айта кетті.

«Мамандағым – бастауыш сынып мұғалімі. Колледжден алған дипломым бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Келесі жылы бакалаврды бітіремін. Мектепте, балалар үйінде жұмыс істегенмін, 25 жылдық тәжірибем бар. 1 апта бұрын ғана Тараз қаласынан көшіп келдім. Айлықтары төмен – 150 000 теңге ғана екен. Менің балаларым бар, жалдамалы пәтердің ақысы бар, оның барлығына жетпейді. Жоқ дегенде 200 000-250 000 теңге болғанда жететін еді», – деді жұмыс іздеуші Жазира Тоқтыбаева.

    Тәжірибесі жоқ жас мамандар қандай бағдарламамен жұмысқа орналаса алады?

Осы жылы оқуын бітірген Нұрбол Бекарыстановтың айтуы бойынша, жас мамандарды бірден жұмысқа алатын мекемелер саны аз, көбісі тәжірибенің болуына қарайды.

«Мен енді ғана, 2022 жылы Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқу бітірдім. Мұғалім болып жұмысқа орналасқым келеді. Жұмысқа тек конкурс арқылы алады. Одан көп жерлерде еңбек өтілі бар адамдар жеңіп кетеді», – деп налыды Нұрбол Бекарыстанов.

Жас маман айтқандай, қолына жақында дипломын алған, тәжірибесі жоқ азаматтарды жұмысқа алу жөнінде жәрмеңкеге қатысушы, жұмыс беруші Айжарқын Баянбекқызының пікірін біліп қайттық.

«Біз жаңадан білім беру орталығын ашқалы отырмыз. Балаларға сабақ беретін мұғалімдер мен жаттықтырушылар керек. Жұмысқа тұрғысы келетін адамның ең бастысы – ниеті және жұмыс істеуге деген құлшынысы болса, болғаны. Тіпті енді оқу бітірген жас мамандарды қарастыра аламыз. Өзіміз де жас болдық, үйрендік. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ал айлығына келер болсақ, мұғалімдерге әр баланың оқуға төлеген ақшасынан 40%-ын төлейміз. Жаттықтырушылардың ақшасы 50%-дан басталады», – деп жауап берді Айжарқын Баянбекқызы.

Халыққа қызмет көрсету орталығының жастарға арнап жасаған екі бағдарламасы бар. Бірі – «Жастар тәжірибесі», екіншісі – Алғашқы жұмыс орны». «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жөнінде жастарды жұмыспен қамту бөлімінің маманы Айгүл Ракишевадан сұрастырдық.

«Енді ғана оқу бітірген жас мамандар «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып, 1 жыл көлемінде тәжірибе жинақтай алады. Ол алған тәжірибесі еңбек кітапшасына жазылады. Қызметке орналасқан азаматтың еңбек ақысын «Халықты жұмыспен қамту орталығы» төлейді. Жалақысы 40 АЕК, яғни 122 520 теңге көлемінде», – деді жастарды жұмыспен қамту бөлімінің маманы Айгүл Ракишева.

Ал екінші бағдарлама, «Алғашқы жұмыс орнына» 11 сыныпты бітірген, мамандық бойынша оқымаған жастарға арналады. Басты талап – жасы 29-ға дейін болуы тиіс. Аталған бағдарлама бойынша азамат 18 ай мерзіміне дейін жұмыс істей алады. Төленетін жалақы – 30 АЕК, 91890 теңге.

Енді жұмысқа тұруға ниет білдерген жас мамандар Халықты жұмыспен қамту орталығының бағдарламары арқылы жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтай алады.

 Суреттер автордікі

Ажар Лаубаева
Бөлісу: