Елордада баспасөз хатшыларына арналған семинар басталды

2 Наурыз 2023, 12:23 1188

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Президентінің баспасөз қызметі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» орталығы және М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің ұйымдастыруымен баспасөз хатшыларына арналған семинар басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Жиынның ашылу салтанатына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «M.NARIKBAYEV KAZGUU UNIVERSITY» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қатысты. 

Тренигтің негізгі мақсаты мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру және кәсіби машықтарын дамыту.

"Елдің имиджін, абыройын қалыптастыратын азаматтардың көзқарасы мен мемлекетке деген санасына әсер ететін баспасөз қызметі. Баспасөз хатшысы кейде әкімдіктің, министрліктің жұмысын атқаруы мүмкін. Өйткені оны жасаумен қатар көрсету, жеткізу бар. Сондықтан осы саланың мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жалпы осы саланың мамандарының біліктілігін арттыру маңызды", - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Тренингтің алғашқы күнінде медиа және коммуникация мамандары PR мәтін және баспасөз релизін жазу, әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен байланыс орнату сынды тақырыптар бойынша тәжірибе алмасады.

Ашылу салтанатынан кейін министр бірқатар медиа мамандарын “Ақпарат саласының үздігі” төсбелгісімен ҚР Премьер-Министрінің фотографы Шүкір Шахайды, ҚР ІІМ идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің басшысы, полиция полковнигі Махамбетова Альбина Сайдғалиқызын, сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Иманқұлов Руслан Юрьевичті марапаттады. 

Айта кету керек баспасөз хатшыларына арналған семинар екі күнге жалғасады.

EL.KZ
Бөлісу: