Елордада аяғы жансызданған азаматқа ерекше ота жасалды

10 Қараша 2022, 11:04 2161

Отаны Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігерлері жасады

Жүк көлігінен құлап, аяғы жансызданған қостанайлық тұрғынға елордадағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігерлері ерекше ота жасады, деп хабарлайды El.kz Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны 2022 жылдың маусым айында жұмыс уақытында жүк көлігінен секіремін дегенде, алдыңғы жарақатының салдарынан аяғы жансызданып, жүк көлігінің астына оң аяғымен құлап, ауыр жарақат алады. Сол мезетте жедел жәрдем шақырылып, азамат жергілікті көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

5 ай уақыт аралығында ауруханада болған науқастың аяғын сақтап қалу үшін оған Илизаров аппараты қойылыпты. Сонымен қатар осы аралықта бірнеше ауыр ота жасалынды. Пациентті әрі қарай емдеу мақсатымен Рудный қаласының көпсалалы аурухана дәрігерлері телемедицина арқылы академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандарымен байланысқан. Пациент жайлы толық ақпарат нақтыланған соң, оны Астана қаласына жеткізу ұсынылды.

«Сөйтіп, қазан айының соңында пациентті біздің орталыққа жеткізгеннен кейін,  бөлімше дәрігерлері оны толық қарап, оның жағдайын ойласты.  Консилиум барысында алдымен тері трансплантациясын жасаймыз, содан соң науқасқа осыған дейін орнатқан Илизаров аппаратын шешіп, оң аяғына басқа жолмен бекіту туралы шешім қабылданды. Және де, айта кету керек, емнің бәрі МӘМС жүйесі шеңберінде жасалынып жатыр», - дейді Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының №4 травматология бөлімшесінің дәрігері Әлия Атапилева.

EL.KZ
Бөлісу: