Елордада ауа райының нашарлауына байланысты жарақат пунктіне қанша өтініш түсті

19 Қараша 2023, 19:03 855

Ауа райының нашарлауына байланысты 18 қарашада қалалық стационарларға медициналық көмек бойынша жүгінген азаматтар бар. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Осылайша, жедел медициналық жәрдем бригадасы төрт науқасты түрлі жарақаттары бойынша Көпбейінді қалалық ауруханалардың жарақат пунктіне жеткізді. Олар негізінен көгеру, жара секілді жарақаттармен түсті. Бір бала аяқтың жабық сынуымен жеткізілді. Пациенттердің бәрінің жағдайы қанағаттанарлық, реанимациялық жағдайға түскен науқастар жоқ.

Науқастардың бір бөлігі медициналық қызметкерлер тексергеннен кейін асқынулардың болмауына байланысты амбулаториялық емделуге жіберілді.

Кейбір зардап шеккендер медициналық көмек көрсетілгеннен кейін жедел жәрдем көлігімен жарақат пунктіне барудан бас тартты.

Ауа райының нашарлауына, атап айтқанда, екпіні 15-20 м/с болатын оңтүстік-батыс желінің күшеюіне, кей тұстарда 23 м/с болуына байланысты қаланың коммуналдық қызметтері дүлей желдің салдарын жою үшін жұмыс істеп жатыр.

 

Перизат Саденова
Бөлісу: