05.11.2025
10:38
594
Елордада Astana Media Week-2025 апталығы басталды

Елордада Astana Media Week-2025 апталығы басталды

Астанада Орталық Азиядағы ең ірі медиа іс-шара «Astana Media Week 2025» салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Биыл «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» тақырыбы аясында медиа мамандар, халықаралық серіктестер және мемлекеттік ұйымдар жиналып, ой қозғайды.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» пленарлық сессиясында сөз сөйлеп, журналистика саласының цифрлық дәуірдегі трансформациясы туралы айтты.

Вице-министрдің сөзінше, медиа саласының мамандары үшін кездесіп, ортақ мәселелерді талқылауға арналған мұндай алаңның маңызы жыл сайын артып келеді.

Астана Media Week өзінің өзектілігін – жоғалтқан жоқ және жоғалтпайды. Бұл – сала мамандары бір-бірімен пікір алмасып, ортақ шешім қабылдайтын маңызды платформа, – деді Қанат Ысқақов.

Ол қазіргі таңда журналистика толығымен цифрлық ортаға енгенін, ал жасанды интеллект пен мультимедиялық форматтарға бейімделу – саланың табиғи даму жолы екенін атап өтті.

Біз цифрлық дәуірге енді қадам басып жатқан жоқпыз, біз оның ішінде жүрміз. Жасанды интеллект, цифрландыру – журналистиканың күнделікті жұмыс процесіне айналды, – деп нақтылады ол.

Вице-министр медиа ұйымдары жаңа заман талаптарына сай контентті мультимедиялық, интерактивті форматта ұсынуға дайын болуы қажеттігін айтты.

Алдағы үш күн бойы қатысушылар үшін медиаэтика, деректі фильм, жасанды интеллектпен жұмыс жасау, имидж қалыптастыру, цифрлық коммуникациялар, дата-журналистика және журналистердің біліктілігін арттыру бойынша пленарлық және панельдік пікірталастар, баяндамалар, жабық питчинг-жобалар мен тәжірибелік шеберлік сабақтар ұйымдастырылады.

Спикерлер қатарында Euronews, Anadolu Agency, TRT Avaz Kanal, «Хабар», «Qazaqstan», Atameken Business, NUR.KZ және Өзбекстан, Түркия, Еуропадан келген сарапшылар бар.

Арнайы стриминг платформалар нарығына арналған сессиялар да өтеді. Оған TV+, Кинопоиск, Unico Play, Birge TV, Freedom Media өкілдері қатысады.

Екі күн бойы медиаорталық холлында 50 метрлік LED-экранда «Astana Media Week 2025» Контент-маркеты өтеді. Бұл жерде жаңа форматтар мен халықаралық кооперациялар таныстырылады. Контент-маркет продакшн-компаниялар, дистрибьюторлар мен платформалар арасындағы іскерлік кездесулерге арналған алаң болмақ. Мұнда жаңа идеялар, пилоттық жобалар және Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мен Қазақстан нарықтарына арналған бірлескен өнім жасауға мүмкіндіктер ұсынылады.

«Astana Media Week 2025» аясында ең белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар қарастырылған. Жетекші стриминг және медиамониторинг компаниялары үздік сұрақ қойған қатысушыларға жылдық жазылым сертификаттарын және Самарқанға сапар жолдамасын табыстайды.

Айта кетейік, аталған іс-шара 5-7 қараша күндері аралығында жалғасады.