Елордада Astana Food Fest гастрономиялық фестивалі өтті

11 Желтоқсан 2022, 20:30 983

Шара барысында рестораторлар өз тәжірибелерімен бөлісті

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада бүгін алғаш рет Astana Food Fest гастрономиялық фестивалі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада жақында ашылған Гастрономиялық орталықта Astana Food Fest фестивалінің қызықты өтуіне түрлі ұлттардың тағамдарын дайындап, ұсынатын 30-дан астам танымал қоғамдық тамақтану орындары да атсалысты. Кеш қонақтарына мәдени-ойын-сауықтық бағдарлама ұсынылып, белгілі рестораторлар өз жетістіктері туралы ақпараттармен бөлісті. 

«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, мұндай іс-шаралардың туризмді дамытудағы маңызы зор. Соңғы жылдары туристер құндылығы өзгерді, қазір гастрономиялық туризм қарқынды дамуда. Туристердің 40 пайызы басқа елдерге осы мақсатта барады екен. Себебі белгілі бір елді оның ұлттық тағамдары арқылы тануға болады. Елорданың да гастрономиялық туризм орталығы ретінде дамуына әлеуеті жетеді. Қазіргі таңда бас қалада 1765 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істесе, соның ішінде 298 мейрамхана, 534 кафе, 93 бар, 539 асхана және 301 өзге де нысандар бар. Бүгін фестиваль өтіп жатқан Гастрономиялық орталық туристер мен елорда қонақтарының ең көп шоғырланатын демалыс орнына айналарына сенім мол», - деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев фестивальдің ашылу салтанатында. 

Осы демалыс күндері Гастрономиялық орталыққа келген астаналықтар фуд-фестиваль ұйымдастырушыларының түрлі конкурстар мен пряниктерді бояу, жылдам тамақ жеу, викториналар, мамандардың шеберлік сыныптары сияқты түрлі іс-шараларға қатысты.

«Елордада бұндай шараларды өткізуге арналған орындардың пайда болғаны қуантады. Енді олардың қатары артса екен деймін. Дәл осындай фестиваль жаз айларында да өткенін қалаймын. Келетін қонақтар үшін бұл үлкен мереке. Өйткені ол бір нысанның ішінде түрлі тағамдардан дәм тата алады. Бүгін олар менің американдық тағамдарымның дәмін көреді, ертең жігіттерден Гавайи тағамдарының дәмін көрсе, бірісі күні наубайханаға барады. Сондықтан біз үшін жалға алушылардың әрқайсысының жақсы және сапалы жұмыс істеуі өте маңызды», - деді гастро-корнер иесі Руслан Абашев.

Іс-шара барысында гастро-корнер иелері қонақтарды гастрономиядағы жаңа трендтермен таныстырып, арнайы тағамдар мен десерттерден дәм татқызды. Сонымен қатар, балаларға тәтті тағамдарды әдемі безендіруден шеберлік сабақтары өткізіліп, кофе дайындаудан ең озық баристер қабілет-қарымын көпшілік алдында көрсетті. Хот-дог пен бургерді жылдам жеп тауысудан жарысқандар да, басқа да қатысушылар іс-шара демеушілері атынан түрлі сыйлықтарға ие болды. Live-бэнд және Ди-джейлер көңілді заманауи әуенмен келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

Гастрономиялық орталықта қазақ тағамынан бастап бөлек әлемнің 28 ұлттық тағамдарының дәмін татуға болады.

EL.KZ
Бөлісу: