Елордада АИТВ мен ЖИТС-тің алдын алу үшін қандай шаралар атқарылады

Кеше, 19:41 186

Астанада АИТВ-инфекциясының таралуының алдын алу бойынша «Дұрыс жолды – адам құқықтарының жолын таңдаңыз» айлығы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Осы жылдың тоғыз айында елордада АИТВ-инфекциясының 327 жаңа жағдайы анықталған. Оның ішінде 75,2 пайызы – ерлер, 24,8 пайызы – әйелдер болса, 62,4 пайызы – 20-39 жас аралығында көрінеді. Дүниежүзілік науқан аясында 1 қарашадан 1 желтоқсанға дейін Астанада бірқатар іс-шара өткізіледі.

Осылайша, бір ай ішінде медицина қызметкерлерінің, азаматтық белсенділердің, білім беру ұйымдарының, ведомстволық органдардың қатысуымен АИТВ-инфекциясының алдын алу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол бермеу туралы хабардарлықты арттыру бойынша түрлі іс-шаралар өтіп жатыр.

Адамдар көп жиналатын орындарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында, базарларда, теміржол вокзалдарында, әуежайда, сондай-ақ өзге өңірлерден келген қала қонақтары үшін АИТВ-инфекциясы мәселелері бойынша мамандардың консультацияларымен АИТВ-инфекциясына жедел тестілеу өткізілетін акциялар өтеді.

Елордада халықтың барлық топтарының АИТВ-ның алдын алу және емдеу қызметтеріне сапалы қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша түрлі шаралар қабылданып жатыр.

Медициналық ұйымдарда қызмет көрсетумен қатар, халық инвазивті емес экспресс-тестерді қолдана отырып, АИТВ-ға тестілеуден өтіп, ЖИТС-сервистік үкіметтік емес ұйымдарда кеңес ала алады.

Перизат Саденова
Бөлісу: