Әлеуметтік нысандардың дайындығы – 86-99%, тұрғын үй қоры 85%. Бұл жұмыстың қалай жүріп жатқаны туралы онлайн брифингте қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов айтып берді, деп хабарлайды EL.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қаланың жылумен қамту магистральді желілерінің гидравликалық сынақтары толық көлемде аяқталды, тұрғын алаптарда қазандықтарды және әлеуметтік нысандарды автономды жылыту көздерін дайындау, қосалқы электр станцияларына техникалық қызмет көрсету аяқталды, сумен жабдықтау және су бұрудың барлық желісі дайындалды.
Сондай-ақ жылу және электр желілері нысандарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл желілер мен құрылыстардағы жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бағдат Байсадықов бұл жұмыстар жылыту маусымының басталуына кедергі келтірмейтінін атап өтті.
99%-ы білім беру, 86%-ы денсаулық сақтау нысандарын дайындау аяқталу сатысында, олар бойынша жұмыстарды 20 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Тұрғын үй қоры бойынша дайындық 85%-ды құрайды, 2 999 үйдің 2 557-сі дайын. Әкімдік осы үйлерді ПИК-пен және қызмет көрсететін компаниялармен дайындау жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл ретте, дайын емес үйлердің тұрғындарына хабарласқымыз келеді. Сіздердің үйлеріңіздің жылу беру маусымына дайындығына белсенді қатысуларыңызды, меншік иелеріңіз немесе жалға алушыларыңызға қарамастан, жалпы жиналыстарға қатысуларыңызды, қажетті қаражатты жинауға белсенді қатысуларыңызды сұраймыз, - деді Байсадықов.
Жеке секторға келетін болсақ, спикер әкімдіктің 2020 жылдан бастап тұрғын үй алаптарын газдандыру басталғанын еске салды. Бүгінгі күні 14 мың үйді газға қосу мүмкіндігі қамтамасыз етілді, оның ішінде 5,3 мың үй қосылды.
Сондай-ақ елордада 14 көмір сату орны жұмыс істейді. Бұл жерлерде өз қызметін 8 компания жүзеге асырады, олармен бағаны көтермеу туралы меморандумдарға қол қойылды.
Сондай-ақ, ол елордада жылыту қашан берілетінін түсіндірді.
Қалалық мәслихаттың 2014 жылғы 27 маусымдағы шешімімен (№249/36-V) бекітілген қалада жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларына сәйкес, елордада жылу беру маусымы сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы бес күн бойы +10°С және одан төмен болған кезде басталады. Ауа райы мұндай температураға түскен жоқ, - деп түсіндірді ол.