Елорда жастары Жолдауға қатысты ойларын ортаға салды

9 Қыркүйек 2019, 09:19 2856

Нұр-Сұлтан қаласында Достық үйінде өткен дөңгелек үстел басында жастар Мемлекет Басшысының Жолдауына қатысты өз ойларын ортаға салды. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының, ҚХА этномәдени орталықтарының  жастар қанатының мүшелері және елордалық өзге де  белсенді жастар «Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер», «Шағын және орта бизнес», «Мемлекеттік тіл» тақырыптарында пікір алмасты.  


Жастар әсіресе, бизнес саласында ісін дөңгелетіп жүргендер үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылғанын қуана қуаттады. Шағын және орта бизнестің салық алымынан босатылуы мен тексеруге мораторий жариялануы кәсіпкерлік саласында жаңа стартаптардың дүниеге келуіне дем береді дейді жастар. 


Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Тимур Жұмырбаев осы тұста ҚХА тарапынан ұсынылған «Жастар синергиясы» жобасының маңыздылығына мән артуымыз керек деді және оны Президент Жолдауы аясында жүзеге асыруды ұсынды.

Президент Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» делінген болатын.

Ал мемлекеттік  тілдің мәртебесін арттыруға үн қосуды азаматтық парызына балаған жастар, оны насихаттау жұмыстарын аймақтарда бастап та кеткен көрінеді. «Бүгінде «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының аймақтық штабтарында мемлекеттік тілді оқыту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта жобаның жүзеге асырылу аясын кеңейтіп, жұмысты жандандыруымыз керек», - деді Тимур Жұмырбаев.  

Сондай-ақ, Президенттің туризм саласын дамытуға басымдық беруіне байланысты  жастар ҚХА тарапынан ұсынылған «Ел даму» жобасын жүзеге асыратын сәт туды деді. «Бұл жоба жаңа туристік бағыттарды қалыптастыруда маңызға ие бола алады», - деген Тимур Жұмырбаев жастарды жаңа идеялар мен бастамалардың төңірегіне топтасуға шақырды.   


ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы Ақерке Берлібай жастар үшін маңызды мағлұматпен бөлісті. Ол Президенттік жастар кадр резервіне Президент тапсырмасына сәйкес, 300 жас азаматты қабылдау жөніндегі жұмыстың басталғанын айтты. «Бұл жоба осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жүзеге асырылып келеді. Құжаттар қабылдау 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Әрине, үміткерге қойылатын талап шарттары бар. Мәселен, құжат тапсырушының жасы 35-тен жоғары болмауы керек және кем дегенде бір жоғары білімі болуы керек, сондай-ақ, жалпы жұмыс өтілі бес жылдан кем болмауы тиіс», - деді Ақерке Берлібай.

Бүгінгі күні Президенттік жастар кадр резервіне 140-қа жуық адам өтініш беріп үлгерген. 2000 адам тіркеліп, құжаттар тапсыру үстінде. Іріктеу кезеңі 12 қазан - 25 желтоқсан аралығында жүргізіледі.

Дөңгелек үстел басына жиналған жастар ел дамуы мен болашағына қатысты өз ойларын ортаға салып, пікір таластырды. Бір-бірінің ұсыныстарын жан-жақты талдап, жаңа жобаларға жанашырлық танытты.


Гиннес рекордтар кітабының бірнеше дүркін рекордсмені, қазақ палуандары дәстүрін жалғастырушы Сергей Цирюльников:

«Біз ұлттық батырларымызды насихаттауды өз деңгейінде жүргізбей отырмыз деп ойлаймын. Қазіргі жастар мен мектеп оқушыларының көпшілігі Бауыржан Момышұлынының немесе Қажымұқан Мұңайтпасовтың кім екенін біле бермейді. Есесіне, Конан Мак Грегор кім дегенге жаңылмай жауап береді. Мен бүгінге дейін 63 мектепті аралап шықтым. Балалармен кездесіп, оларға халықтың батырлары туралы әңгімелеп бердім. Алайда, бұл бір ғана адам үшін оңай іс емес. Білім мекемелеріне балаларға халықтық батырларды таныстыру туралы ұсыныс білдіргім келеді. Мәселен, біздің елімізге келген шетелдік туристер жастардан елдің атақты тұлғаларын сұрар болса, олардың жауаптан мүдірері анық. Біз бұл мәселемен қазірден бастап айналысуымыз керек. Осыған байланысты жастардан көмек сұрап отырмын, бізге тәрбиелік мақсатта осындай жобаларды қолға алу керек».

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз. 

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: