Елорда маңындағы ауыл ауыз суға жете алмай отыр

28 Ақпан 2023, 20:00 1081

Елорда маңындағы Талапкер ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. El.kz тілішісі өңірдегі мәселені тұрғындардың өз ауызынан есту үшін Талапкер ауылына барып қайтты. Байқауымызша бұл ауылдағы жалғыз мәселе емес.

Талапкер ауылдық округі елордадан 6 шақырым қашықтықта орналасқан. 22 мыңға жуық тұрғыны бар. 4200-ден астам үй салынған. Ауылда жалғыз мектеп пен дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді.

Жыл санап өңірде халық саны артқанымен, бір мәселе шешімін тапқан емес. Ол – ауыз су мәселесі. Тұрғындар жыл сайын әкіммен кездескенде осы мәселені көтеретіндерін айтады. Дегенмен, "келесі жылы шешіледі" деген құрғақ уәдемен кейінге шегеріле берген.

2008 жылдан бері Талапкер ауылында тұратын зейнеткер Бибіжамал Шагалова осы уақыт аралығында өңірдегі су мәселесін шешуге ешкім талпынбағанын айтады.

«15 жылдан бері осы ауылда тұрамын. Балаларым суды Астанадағы құдықтан (колонка) алып келеді. Солай суды тасып ішіп отырмыз. Басқа амал жоқ», - деді ауыл тұрғыны.

Ауыл тұрғыны Зәуреш Төлендіқызы өңірдегі ауыз су мәселесі бір-екі жылда шешілуі мүмкін деген үмітін үзгісі келмейді. Алайда өзге ауыл тұрғындарының күмәні басым.

«Өткен жылы ауылға кіреберіс жерде су жүргізетін станция орнатқан болатын. Бірақ қашан су жүргізілетіні белгісіз. Біреулер келесі жылы немесе одан кейінгі жылы су болады дейді. Бастапқыда осы жылы беріледі деген. Бірақ, оның өзін нақты ешкім айта алмайды. Бір-екі жылда су болуы мүмкін деп отырмыз. Ал қазір суды қаладан сатып алып отырмыз. Ауыз су арман болды», - дейді Зәуреш Төлендіқызы.

Ауылдың тағы бір тұрғыны апта сайын 140 литр суды тапсырыспен сатып алып отыратынын айтты.

«Тұрмыста қолданатын су өте тұзды. Тіпті, киім-кешектерміз дұрыс жуылмайды. Сондықтан аптасына бір рет су тапсырыс береміз. Апта сайын шамамен 140 литр су пайдаланып отырмыз. Тамақ істеуге, ішуге және тағы басқасы бар», - дейді тұрғын.

Ауылдағы ауыз су жалғыз мәселе емес, тұрғындардың айтуынша негізгі, орталық көшелерге ғана асфальт төселген және жарық орнатылған. Ал қалған көшелерде жүру кейде мүмкін емес екен.

Осы тұрғыда ауылдың кейбір көшелерінде қардың толық тазаланбағанын да байқадық. Ал Талапкер ауылына қысқы уақытта жолдарды таза ұстауға 50 млн теңге бөлінгендігін атап өткен жөн.

Ауылда тазалық талаптарына байланысты қоқыс жәшіктері орналастырылған. Дегенмен, ауылға кіреберіс жердегі үлкен сауда дүкенінің манында қоқыстың шашылып жатқанын көруге болады.

Ауылдағы жол мәселесіне байланысты Талапкер ауылдық округінің әкімі Мирас Әлібекұлына жолдаған өтініш хатымызға: «Талапкер ауылы ауданының 8 көшесі бойынша республикалық тас жолға шығатын 3,9 шақырым жол асфальтталған. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ауылдағы барлық жол учаскеде асфальт жабындысын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Жыл сайын орташа және толық көлемде жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, қазіргі таңда Талапкер ауылында көше жол желісін салу үшін 3 жоба іске асырылуда», - деп жауап берді.  

Ауылда асфальт төселген жолдар бар, уақытылы автобустар да жүріп жатыр.

Талапкерде 2016 жылдан бері жалғыз дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Ауылға барғанымызда емхананың ахуалын да көріп қайттық. Жағдай біз ойлағандай емес екен. Ауылдан өте қашық жерде орналасқан. Тіпті, автобус та жүрмейтін көрінеді. Жақын манайда аялдама да орнатылмаған. Тұрғындар ауылдағы амбулаторияға келгеннен қаладағы емханаға барған әлдеқайда тиімді екенін айтты.

«Амбулаторияға келу үшін үнемі такси шақыруға мәжбүр боламын. Себебі, біріншіден өте алыс, екіншіден балам бар дегендей. Алыс болғаны болмаса қалған барлығы ойдағыдай», - дейді тұрғын.

Амбулаторияда 7200-дей тұрғын тіркелген. 2 жедел жәрдем көлігі бар және 3 дәрігер жұмыс істейді. Бір ауысымда 80-ге жуық науқасты қабылдайды.

 

Миражан Махан
Бөлісу: