Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Сарыарқа» ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде автобустарда жүру бағасының неліктен қымбаттайтынын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қала басшысының сөзіне қарағанда, 2023 жылы 900 автобус болса, қазір олардың саны 1300-ге жеткен.
Яғни біз автобустар санын шамамен 40% арттырдық. Биыл тағы 300 автобус келеді. Негізі халық саны 1,5 млн болса, қызмет көрсететін автобустар саны 2 мыңнан асуы керек. Сондықтан біз бұл мәселені тездетіп шешуге тырысып жатырмыз. Бағаға келсек, 90 теңгелік жол ақысы 2014 жылы бекітілген. 10 жыл өтті. Осы аралықта жанармай, газ, автобус жүргізушілерінің жалақысы өсті. Олардың айлығы қазір 500-600 мың теңгені құрайды. Бізде автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі бар, мұндай айлыққа кәсіби мамандарды жеткілікті мөлшерде жалдай алмай жатырмыз, - деді Қасымбек.
Оның айтуынша, бір жолаушының жүру ақысы, егер электроавтобус болса, 400-500 теңгені, газ не дизельмен жүретін автобус болса, 240-400 теңгені құрайды, яғни әкімдік әр азамат үшін 200 теңге қосымша төлеп отыр.
Меніңше, 110 теңге – бұл 7-10 жыл бұрын көтерілуі тиіс баға. Біріншіден, 10 жыл бұрынғы тариф қазір өзекті емес, сондықтан мұндай қадамға баруға мәжбүрміз, - деді әкім.