Елорда әкімі коммуналдық қызметкерлердің қыс мезгіліне дайындығын тексерді

31 Қазан 2022, 20:39 2068

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты мәлім етті

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында коммуналдық қызметкерлермен кездескенін мәлім етті, деп хабарлайды El.kz 

«Коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесіп, олардың қыс мезгіліне дайындығымен таныстым. Қаламыз күннен күнге өсіп келеді: жаңа тұрғын аудандар, әлеуметтік нысандар, көшелер мен көпірлер ашылып жатыр. Сол себепті коммуналдық қызметтерге де жүктеме артып келеді. Елорданың қатал қысына қарамастан, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері кез келген ауа райында күндіз де, түнде де жұмыс істейді.

Олардың қолайлы жағдайда еңбек етуі үшін коммуналдық қызметтердің автопаркін үнемі жаңартып отырамыз, сол сияқты жалақы мөлшерін арттырып, қосымша сыйақы да енгіздік. Мәселен соңғы жылдардың өзінде 300-ден астам арнайы техника мен жабдық сатып алынды. Осылайша, автопарк айтарлықтай жаңартылды, себебі жұмыс қызып жатқан тұста ескі техникалардың істен шыққан кезі болған.

«Астана Тазалық» жол жұмысшылары мен жүргізушілерінің жалақысын осы жылдың қараша айынан бастап 20%-ға арттырамыз (бұрын жалақы басқа санаттар үшін де көтерілген). Сол сияқты сыйақы да енгізілді.

Қалалық коммуналдық қызмет мамандарының жалақысын 2023 жылы қосымша көтереміз. Қажет болған жағдайда автопаркті ары қарай да жаңартамыз.

Қыс мезгілінде қаланың коммуналдық қызметтері көшелерді, әлеуметтік нысандарға кірер жолдарды, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды, аялдамаларды және т.б. тұстарды тазалауға ерекше назар аударғаны жөн. Ал аудан әкімдіктері аулаішілік аумақтарды жинау бойынша ПИК (МИБ) жұмысын бақылауда ұстауы қажет», - деп жазды А.Көлгінов.

EL.KZ
Бөлісу: