Елордаға Орталық Азиядан 600-ден астам ерікті келді

19 Тамыз 2022, 14:33 1267

Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде 71 қазақстандық ерікті жұмыс істейді,

Елордада бірінші Орталық-Азия волонтерлер форумының пленарлық сессиясы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz.

Форумға Орталық Азия елдерінен келген 600-ден астам еріктілер, делегаттар мен сарапшылар қатысуда. Сонымен қатар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қатысып, еріктілердің жұмысымен танысты.

«Мұндай маңызды іс-шара Қазақстанмен бірге тұтас Орталық Азияда волонтерлік қозғалысты нығайта түсері сөзсіз. Бұл бастама әлеуметтік маңызы бар жаңа жобаларды іске асыруға ықпал етеді деп үміттенеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда еріктілер жылы деп жарияланғаны белгілі. Соның арқасында қоғамда еріктілер қозғалысының белсенділігі артты. Қазіргі таңда әлем халықтары қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Адамдарды әлеуметтік мәселелер мен катаклизмдерден арылтудағы еріктілердің рөлі маңызды екенін айтқым келеді. Ерікті жас пен жағдайға бөлінбейді. Соңғы 3 жылда Қазақстанда еріктілердің саны 4 есе артты. Ал, еріктілер ұйымы 3 есе көбейді. Бұл арқылы еріктілердің қоғамдағы белсенділігін байқай аламыз»,- деді Мәулен Әшімбаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров халықаралық волонтерлік қызметті дамыту туралы айтты.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде қазақстандық 71 ерікті жұмыс істейді, оның 42-сі әйелдер. 7 қазақстандық волонтер министрлік пен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы арасындағы әріптестік туралы келісім бойынша Иордания, Кения, Түркия және Таиландтағы БҰҰ-ның әртүрлі құрылымдарында табысты еңбек етіп жатыр. Қазақстандық еріктілер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, БҰҰ-ның жоғары бағасына ие болды. Оң тәжірибені ескере отырып, біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз», - деді министр.

Миражан Махан
Бөлісу: