08.10.2025
16:02
441
«Еліңе өз еркіңмен кетсең - 2500 доллар аласың»: АҚШ жаңа бастама енгізбек

«Еліңе өз еркіңмен кетсең - 2500 доллар аласың»: АҚШ жаңа бастама енгізбек

АҚШ билігі ата-анасыз жүрген жасөспірім мигранттарға өз елдеріне ерікті түрде қайтқан жағдайда 2500 доллар көлемінде төлем жасау жоспарын қарастыруда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы CNN-ге сілтеме жасап.

АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі (HHS) таратқан ресми хатта Ішкі қауіпсіздік министрлігі 14 жастан асқан, өз еркімен елден кетуге келісім берген ата-анасыз мигрант балаларға 2500 доллар көлемінде бір реттік төлем жасайтыны жазылған. Құжатта бұл сома «елге оралғаннан кейін қайта бейімделу процесін қолдауға арналған» деп көрсетілген.

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде мұндай мүмкіндік 17 жастағы мигранттарға ұсынылады. Сонымен қатар, әр өтінішті иммиграциялық судья мақұлдауы қажет. Төлем мигрант өз еліне оралған сәтте беріледі.

АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) мәлімдегендей, бұл бастама - толығымен ерікті қайтуға арналған балама.

Бұл ерікті бағдарлама ата-анасыз жүрген балаларға өз болашағы туралы саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді, - делінген ICE хабарламасында.

Бұл төлем АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігіне қарасты Босқындарды орналастыру басқармасының (ORR) қамқорлығындағы мигранттарға қолжетімді болады. Бұл орган заң бойынша оларды паналау орталықтарында, қамқор отбасыларда немесе арнайы мекемелерде 18 жасқа дейін орналастыруға міндетті.

Алайда CBS News-тің мәліметінше, Мексикадан келген балалар бұл төлемге үміткер бола алмайды.

Жасөспірімдерге арналған бұл жаңа бастама - АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің соңғы иммиграциялық шараларының бірі. Оның мақсаты елден заңсыз мигранттардың санын азайту, яғни мәжбүрлі депортациямен қатар, ерікті түрде кетуді ынталандыру.

Бұған дейін, 2024 жылдың мамыр айында АҚШ билігі елде заңсыз жүрген ересек мигранттарға өз еркімен отанына оралғаны үшін 1000 доллар көлемінде төлем ұсынған еді.