20 Қыркүйек 2018, 03:27
Жастар елдің жарқын келешегі. Олардың білімді, парасатты, мәдениетті, пайымды болуы үшін мемлекет жағдай жасауда. Бұл жағынан Қазақстанда жастар үшін барлығы ойластырылған. Заман талабына сай білім беру, ғылыммен айналысу, шетелдік оқу орындарында білімін жетілдіріп, тәжірибеден өту, жеке кәсіппен айналысу, өнерде жетілу мүмкіндіктерімен толық қамтамасыз етілген. Бойына осы қасиетті сіңірген әр жас көшбасшы болып қалыптасатыны сөзсіз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысында еліміздің аймақтарынан жиналған көшбасшылар түрлі жобаларды іске асыруда көш бастап келеді.
Осы орайда Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің төрайымы Элина Паули аймақ жастарының өмірімен таныстырып, жобалардың жүзеге асу жүйесімен бөлісті.
— Элина Сергеевна, қоғамдық жұмысқа қашаннан бері араласып кеттіңіз?
— Мен облыстың қоғамдық жұмысына бес жылдың төңірегінде араласып келемін. Жастар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің төрайымдығымен қоса, 2014 жылы Қазақстан Республикасының татар және башқұрт жастар ұйымының тбасшысы болып сайланғаным бар. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Сөйтіп, өзіме бірнеше жауапкершілікті артып алдым. Әзірге қолымнан келгенше қойылған барлық міндеттерді атқаруға тырысудамыз.
2015 жылы «Жас Отан» жастар қанатының Орталық кеңесінің мүшелігіне қабылдандым. Облыстық және Республикалық партияның Саяси кеңесінің де мүшелігінде бармын. Жыл сайын қоғамдық жұмыстарға біртіндеп араласып келемін. Өзіме көп көрмеймін, қайта маған бұл биік асуларды бағындырудағы сара жол деп санаймын.
2016 жылы № 17 Мойылды сайлау округінен Павлодар облысының Мәслихат депутаты болып сайландым. Өңірдегі ең жас депутатпын.
«Жасыл ел» бойынша «Ертіс жұлдыздары» үгіт-насихат отрядының командирі болып жұмыс істеп жүріп, «Үздік отряд» номинациясын жеңіп алғанымыз бар.
Сонымен қатар педагогтар отрядында командир болып істеген кезім болды. Қоғамдық жұмыстың түбіне бойлап, бүге-шігесіне дейін меңгеріп алғанмын десем де болады.
Мен өзімнің туған жеріме пайдамды тигізе алатыныма, жастарға көшбасшы болып, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне азғантай болса да үлес қосуыма мүмкіндігім барына қуанамын.
— Қоғамдық жұмыстарды атқару барысында тұлғалық даму үдерісі жоғарылаған болар?
— Қоғамдық жұмыстарды атқарып жүріп, мен көптеген адамдармен дос болдым. Жаны жайсан, жүректері кең, білімді, дарынды дос-құрбыларым көбейді. Зиялы достардың көп болуы адамға күш бітіреді. Соларға қарап ой мен бой түзейсің.
Қазақстанның көптеген елді мекендерін араладым, тарихи жерлерді көзбен көріп, рухани молайдым.
Әр деңгейдегі шараларды ұйымдастыруды және оны өткізуді үйрендім. Сол арқылы идеяларды тиімді жүзеге асыруға қалыптастым.
Бойымдағы талабым мен ұмтылыстарымның арқасында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы бұйырды. Ол маған қоғамдық жұмыстардағы жеткен жетістіктерім үшін табысталды. Өзім секілді жастардың арасынан жүзден жүйрік шыққанымда, өзімді бақытты сезіндім. Еңбегің бағаланып жатса, құлшынысың арта түсетіні рас екен.
Міне, бұл тұлғалық дамудың сатылары. Әлі де үйренерім көп. Ол үшін де көп ізденетін боламын.
Тұлғалық даму тұрғысында көптеген кітаптар оқимын. Маған ұнап, шабыт берген американдық жазушы, философ Айн Рэндтің «Атлант расправил плечи» кітабы. Романның негізгі идеясы әлем талантты дарындардың қолында екендігінде. Автор жалғызілікті туындыгерлерді аңыздағы аспанды иығында көтеріп тұрған Атлантпен салыстырады. Егер бұл адамдар туынды жасаудан мақрұм қалса, онда әлем құлдырайды деген ұғымға саяды.
Ұлы Абайдың қара сөздерін сүйіп оқимын, тіпті данышпан Абайдың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген қанатты сөздерін өзіме өмірлік ұстаным етіп алдым.
Сонымен қатар Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқығанды ұнатамын - кәдімгідей қанаттанамын. Оның поэзиясы әлеуметтік, ағартушылық мәнде. Сыршыл өлеңдері тұнық. Ақын философ ретінде танылғаны тағы бар.
— Облыс бойынша жастар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің құрамына кімдер кіреді?
— Үйлестіру кеңесінің құрамына 17 этномәдени бірлестіктердің жастар ұйымы, Шарбақты, Железинка аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалаларындағы жастарды қалыптастыру клубтарының мүшелері кіреді. Кеңес 20-ға жуық этностардың 2500 жастарын біріктіреді.
Достық үйіндегі 40-қа жуық шығармашылық ұжымдарда 500-ге тарта 14 пен 29 жас аралығында өнерпаз жастар бар. Олар өңірдегі жастарға өз этносының мәдениеті, рухани салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтап, оны насихаттауға көмектерін көрсетеді.
— Облыс жастарының өңірдегі атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар етсеңіз.
— Өңір жастары өз жұмысында жастардың азаматтылығын, патриотизмін, мемлекеттік тілді үйрену қажеттілігін қалыптастыруға бағытталған мазмұнды шараларды жиі ұйымдастырады.
Қазақстан халқының тарихы мен дәстүрлерін құрметтеуді тәрбиелеуге қатысты үйлестіруші кеңес бүгінгі жастарға қызықты түрлі жұмыс формаларын қолданады.
Ерекше атап өткім келетіні, біздің жұмысымызда тоқсан сайын ең өзекті мәселелер талқыға салынатын «Патриот бол» жастардың пікірталас клубы жұмыс істейді. Қатысушылар сан түрлі пікір білдіріп, әркім өзінің идеясымен бөліседі. «Мен елімнің патриотымын» деп құр айтқаннан гөрі, іспен дәлелдеу керек екенін барлығы да түсінеді және сөзі мен ісіне сай болуға ынталанады.
Павлодардағы Достық үйіндегі «Қ. Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі» жасөспірімдерді әр түрлі этностардың тілімен, тарихымен, мәдениетімен, тұрмысымен таныстырады, бұл қоғамда ұлттардың өзара татулықта және бірлестікте өмір сүруіне дағдыландырады. Менің ойымша, мұндай оқулар адамның қоғамдық өмірде икемделуіне таптырмайтын құрал.
Қарап отырсам, жастардың қанаттары қатаймағанына қарамастан алдарында үлкен міндеттер тұрады екен. Біз алдыңғы буыннан үлгі алсақ, бізге қарап жас жеткіншектер бой түзейтінін ұмытпауымыз керек. Сол себепті жастар бірлестіктері балаларға арналған мәдени шаралардың бағдарламасы мен шеберлік-сыныптардың кестелерін жасаған болатын.
Жыл сайын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік тілде патриоттық әндердің конкурсын өткіземіз.
«Лесная сказка» лагері, Мичурин, Шақат балалар үйіне барып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырдық. Мүмкіндігі шектеулі балалардың жанын жадыратар шараларды көбірек ұйымдастырамыз. Жаңа жылда осы балаларға міндетті түрде сый-сияпат жасаймыз. Жастар Аяз ата мен Ақшақар болып құттықтайды. Ғажайыпқа сенетін балалардың қуаныштан жүздері бал-бұл жанғанда, жүрегіміз елжіреп, шағын болса да, сиқыр жасай алғанымызға разы боламыз. Өйткені баланың шынайы қуанышына ештеңе жетпейді екен.
Былтырғы және биылғы жылдары онға жуық қайырымдылық шараларын өткізіппіз. Мұның бәрі Ассамблея жастарының күш жұмылдыруының арқасында жүзеге асып жатқанын айрықша атап өткім келеді. Біздің жастар бірлестігі Павлодар қаласындағы «Самал» оңалту орталығымен, «Жас қанат» жасөспірімдер үйімен тығыз қарым-қатынаста.
— Ел жастары мен халықаралық жастар ұйымдарымен серіктестік жағы қалай қойылған сіздерде?
— Біздің жастардың шығармашылық ұжымы еліміздің барлық өңірлерінде өнер көрсетіп келеді. Ресейде, Беларусияда, Германияда өткен халықаралық конкурстар мен фестивальдерге талай қатысты.
2016 жылы белорустық «Надзея», неміс ұлтының «Вир», «Мирас» татар-башқұрт ұжымы Халық өнерпаздары деген атаққа ие болды. Бұл біз үшін үлкен дәреже. Өнеріміз бағаланып, биік шыңдарды бағындыруға желеу болды.
Жыл артқан сайын шекаралас ынтымақтастық қарқындап келеді. Үйлестіру кеңесінің бастамасымен 2011 жылы алғаш рет Павлодардағы Ертіс бойында «Бірлік-Единство.KZ» жастардың халықаралық этномәдени форумын биыл сегізінші рет өткіздік. Оның өзекті тақырыбы «Жастардың жаңа жобалары» деп аталды. Форумға Ресейден, Германиядан және Қазақстанның барлық өңірлерінен жастардың белсенді өкілдері қатысты. Сегіз жыл ішінде он елден 2000-ға тарта жастар қатысқан екен.
Мұны айтып отырған себебім, бізді, Қазақстанның жастарын, бастамалар мен мемлекеттік маңызы бар жобаларды ондаған шетел мемлекеттерінің жастары көріп, танысып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар қазақстандық жастар да шетелдік құрбы-құрдастарының жобаларын өз көздерімен көріп, идея туындатуға ынталынды.
Биыл форум кубогын Астана қаласының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өкілдеріне тапсырдық.
Осындай серіктестік пен ынмақтастық арқылы ҚХА жастары өңірдегі қоғамның өміріне жастарды тартуға және шетелдік жастарға атқарылып жатқан тың істердің бағытымен, яғни, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қазақстандық моделімен таныстыруға мүмкіндік алды. Бейбіт елде өмір сүру — зор бақыт.
— Элина Сергеевна, сіздердің тараптыраңыздан қандай жобалар ұсынылып отыр?
— Өткен жылы Үйлестіру кеңесі «Қазақша сөйлеу оңай!» деп аталатын жобаны дүниеге әкелді. Ол жобаға «Серпін» бағдарламасының студенттері мен этностардың жас өкілдері қатысып, өздерінің қазақ тілінде сөйлеу қабілеттерін жетілдірді.
Сонымен қатар облыста «Менің Қазақстаным» ірі зияткерлік-шоу жобасы жүзеге асырылды.
Жобадан тыс Ұлы Отан соғысының жеңіс күніне орайластырған «Біз ұмытпаймыз» және «Жеңіс әндері» акцияларын өткіздік. Жұртшылыққа жеңіске арналып шығарылған әндердің мәтіні жазылған парақшаларды таратып, Қазақстан тарихындағы Ұлы Отан соғысының тарихына қайта оралып, әсер алуға қамқорлық жасадық.
Бірлік күнінде Қан орталығымен бірлесіп, «Біз екеуміз қандаспыз» деп аталатын жобаны жүзеге асырдық.
Ай сайын жастардың бірлестігінің арасында «Сен-Біз» тренингі тұрақты түрде өтіп тұрады. Тренинг команда құру және командада жұмыс істей білу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар бір-біріне сенім артып, біріккен жобаларды жүзе асыруды үйренеді.
— Биылғы жылы Минск қаласында өткен «ТМД 100 идеясы» халықаралық көрмеге қатысқаныңыз туралы айтып кетсеңіз. Делегация құрамында кімдер болды?
— Біздің елден баратын Ұлттық делегация құрамын арнайы комиссия қалыптастырды. Делегация құрамында танымал сарапшылар, бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жас көшбасшылар болды.
Өткен жылы Қазақстан бойынша жастардың арасында сегіз бағытта - «ІТ технологиялары», «Инновациялар», «Қызмет көрсету саласы», «Медицина», «Ақылды технологиялар», «Энергетика», «Ауыл шаруашылығы», «Қалдықтарды кәдеге жарату» - жобалары таныстырылған болатын. Олар сұранысқа ие болу, жаңашылдық, әлеуметтік маңыздылығына қарай іріктелді.
Сол іріктеуден Ұлттық делегацияға он үздік жұмыс енді. «Менің елім достастықта» бағытында менің «Бірлік-Единство.KZ» Халықаралық жастар форумы аясындағы мәдени жобам енді.
Менің жобам этнокәсіпкерлікке негізделген. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды көрсеттім. Сонымен қатар ұлттық тағамдардың түрлері де болды. Көрмеге қатысушыларға қазақтың ұлттық тағамдарының бірі — құрт тараттық. Киіз үйдің макетін қойып, құрылымымен таныстырдық. Қонақтар үлкен қызығушылықпен тамашалады.
Біз жобаларымызды жоғары деңгейде көрсеттік. Қазақстаннан барған делегация мүшелері бір-бірімізді алғаш рет көріп, сол кезде ғана таныс болсақ та, нағыз команда болдық. Арамызда достық қатынас орнығып, бір-бірімізге қамқор болдық. Командылық рухымыз жоғары болды.
Бұрындары Қазақстанда тұрып, тарихи Отандарына көшіп кеткен жастар да кездесті. Олар Қазақстанды ыстық ықыласпен естеріне алып, өзара әңгіме-дүкен қүрып, бір жасап қалғандай болды.
— Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы туралы қысқаша айта кетсеңіз.
— 2014 жылдың 1 наурызында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды.
Кафедра бірнеше бағыттағы жұмыстармен айналысады - «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы «Қазақстан 2050» стратегиясындағы ынтымақтастық пен келісім негізі, жалпықазақстандық мәдениетті қалыптастыру негіздері, этномәдени құндылықтар және олардың өзара байланысы.
Университетте 30-дан астам ұлт өкілдері оқиды. Барлығы Ассамблеяның негізгі идеясын ұстанып, оқу орнында ұлттық құндылықтар мен ұлтаралық келісімді нығайтуға қолғабыс беруде.
Үнемі қалалық және облыстық шаралардың бел ортасында жүреді. Бүгінде біздің жастар қоғамдық жұмыстарды жауапкершілікпен атқаруға төселген.
— Элина Сергеевна, Қазақстан жастарының болашағын қалай елестетесіз?
— Мен Қазақстан жастарының болашағы біздің қазіргі жарқын өмірімізден де биік болатынына күмәнім жоқ. Неге дейсіз ғой?! Біз қазірдің өзінде дамыған елде өмір сүріп жатырмыз. Жаһандық даму үдерісінде айтарлықтай орын алады. Қазақстанды әлем танып, тіпті өзара ынтымақтастық құруға ынта білдіреді. Осыдан Қазақстанның әлеуеті жоғары екенін байқай беруге болады. Қазір біздің қол жеткізген жетістігіміз алдағы жылдарда еселене түсетіні анық.
— Сұхбатыңызға рақмет, ел мүддесі үшін атқарған еңбегіңізге табыс тілеймін!
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.