Елімізге қандай мамандар қажет?

15 Қазан, 18:05 461

Соңғы жылдары елдегі маман тапшылығының мәселесі жиі айтыла бастады. Сарапшылардың болжауынша 2030 жылға дейін Қазақстанға 1,8 млн кадр керек болатын көрінеді. Сонда болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие болмақ?

Ең әуелі АЭС-тен бастайық. Елімізде бірер апта бұрын ғана АЭС құрылысына қатысты Республикалық референдум өткені белгілі. Дауыс беру нәтижесі бойынша халықтың басым бөлігі құрылсыты қолдап, өз таңдауларын жасаған. Алдағы уақытта құрылысы басталатын, қуаты шамамен 1,2 ГВт болатын атом электр станциясының болжамды құрылысы кезінде үш мыңнан бес мыңға дейін жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ал құрылысы бітіп, пайдалануға берілгенде тұрақты түрде 1-1,5 мыңға жуық маман жұмыспен қамтылмақ. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары елдегі АЭС үшін білікті мамандар даярлау ісі ілгері басқан.

Ядролық физика институтының қызметкерлері әлемдегі электроядролық технологияларды дамыту бағытында зерттеулер жүргізіп, жаңа мәліметтер ұсынуда. Қазақстанның барлық ірі ұйымдарында радиациялық бақылау қызметі бар. Қуаты 1200 МВт болатын атом электр станциясын қауіпсіз әрі тиімді пайдалану үшін кем дегенде мыңнан астам жоғары білікті маман қажет. Бұл мамандар ядролық ғылым, технология, жылуэнергетика, соның ішінде шамамен 200 адам реакторлық инженерия саласында жұмыс істеуі керек, – дейді физика-математика ғылымдарының докторы, Ядролық физика институтының ғылым бойынша бас директордың кеңесшісі Насұрлла Буртебаев.

Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, мұндай орындарда әсіресе инженер-құрылысшылар, механикалық инженерлер, электротехникалық инженерлер, ядролық технология жөніндегі инженерлер, сапаны бақылау жөніндегі инспекторлар, инженер-экологтар, геологтар, геодезистер сұранысқа ие. Одан бөлек реактор операторлары, радиациялық қорғау жөніндегі мамандар, техник-диспетчерлер, механиктер де қалыс қалмайды. 

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары 2024-2030 жылдарға арналған кадр тапшылығы жөніндегі мәселеге зерттеу жүргізіп, болжамды нәтижесін жариялады. Зерттеу нәтижесі болйынша, көрсетілген кезеңде Қазақстанға жалпы саны 1,8 млн кадр керек. Соның ішінде жоғары білімі бар қызметкерлер - 494 мың, техникалық және арнайы білімі бар қызметкерлер - 1 млн (400 мыңы жұмысшы). Ал басшылар және біліктілігі жоқ қызметкерлерге қажеттілік шамамен 300 мың адамды құрайтын көрінеді. Зерттеу нәтижесін сала бойынша бөліп қарағанда бірінші орынға білім саласының мамандары, одан кейін сауда, құрылыс, денсаулық сақтау, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, көлік және қоймалау, сондай-ақ ауыл ауыл шаруашылығы жайғасқан.

Мамандық бойынша қарастырсақ, денсаулық сақтау саласында терапевт, стоматолог, педиатр, хирург, фармацевт, кардиолог, сәулелік диагностика мен гинеколог мамандарға сұраныс артатыны болжанған. Ал құрылысқа негізінен сәулетшілер, инженер-электриктер, инженер-технологтар, инженер-механиктер, жобалаушы, талдаушы-зерттеушілер керек. Бұл жерде жұмысшылардың жетіспеуі құрылыс саласында (111 мың) көрініс тапқанын ескере кеткен жөн. Негізінен сылақшы, дәнекерлеуші, тас қалаушы, сырлаушы мен бетон құюшылар табылмайды.

Ауыл шаруашылығы Қазақстан үшін маңызды саланың бірі екені белгілі. Мұнда әсіресе жоғары білімді агрономдар, биологтар, инженер-механиктер, ботаниктер, метеорологтар, өндірісті ұйымдастыру жөніндегі инженерлер жетпейтін көрінеді.

Біздің келтірген мәліметіміз «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының жүргізген зерттеуінің нәтижесіне сүйене отырып жазылған. Байқасақ, қай кезеңде болмасын, халыққа керекті мамандықтар көш басын бермейтінін көреміз. Әрине соңғы жылдардағы технологияның дамуы мен жасанды интеллектің белең алуы жұмыс күшіне деген сұраныстың төмендеуіне әкелуі мүмкін деген әңгімелерге өзек болып, жұрттың алаңдаушылығын тудырғаны даусыз. Дегенмен, бұл мәселе алдағы 30-40 жылдықтың әңгімесі болуы мүмкін. Сондықтан еліміздің еңбек нарығында сұраныс азаймайды деп айтсақ артық болмас.

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: