Еліміздің солтүстігі мен шығысына көшіп барғандарға айлығына үстемақы берілмек

1 Тамыз 2023, 19:31 1159

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов депутаттардың ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауылдық елді мекендерді (АЕМ) дамыту әлеуетін айқындау мақсатында 2019 жылғы 13 қыркүйекте «Ауылдық елді мекендерді айқындау үшін өлшем шарттарды бекіту туралы» Ұлттық экономика министрінің № 81 бұйрығы қабылданды, ол АЕМ блоктары мен бағалау өлшем шарттарын қайта қарай отырып, ауылдық елді мекендердің басымдығы үшін көрсеткіштерді есептеу әдістемесі мен моделін өзектендірді.

Критерийлер 15 жиынтық көрсеткішті қамтитын 4 блокқа бөлінеді: демографиялық, инфрақұрылымдық, экономикалық және геокеңістікті. Әдістемені әзірлеу кезінде 150-ден астам бағалау көрсеткіштері қаралды, оның ішінде халық санының өсу серпіні, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құны, халықтың жұмыспен қамтылуының өсу серпіні, олардың ірі елді мекендерге жақындығы және т. б.

Осыған сүйене отырып, АЕМ санаттары даму әлеуеті жоғары, даму әлеуеті орташа және даму әлеуеті төмен жиынтық балл негізінде айқындалады. Әдістеме критерийлеріне сәйкес «перспективалы», «перспективасыз» санаттары ауылдық елді мекендерге қолданылмайды. Демографиялық теңгерімсіздік пен кадр тапшылығын шешу мақсатында республика тұрғындарын еңбегі артық өңірлерден еңбек тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде көшіру бағдарламасы іске асырылуда (Премьер-Министр орынбасарының – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 234 бұйрығымен бекітілген). Бағдарламаның шарттарына сәйкес жергілікті атқарушы орган ауылдық елді мекендер, экономикалық даму әлеуеті орташа және жоғары шағын және моноқалалар, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, сондай-ақ экономикалық өсу орталығы қатарынан қоныс аудару үшін елді мекендердің тізбесін қалыптастырады, - дейді Үкімет басшысы.

Бағдарламаның барлық қатысушыларына еңбек тапшылығы бар өңірлерге қоныс аудару кезінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

Мемлекеттік қолдау шаралары мыналарды қамтиды:
- көшуге арналған шығыстарды өтеуге материалдық көмек әр адамға 70 АЕК;
- бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үйді жалдауға және жалға алуға арналған шығыстарды өтеу;
- әрбір қоныс аударушыға 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар.

Бұдан басқа, 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы шеңберінде (Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 961 қаулысымен бекітілген) қоныс аударушыларға тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 4 млн. теңгеден аспайтын экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Айта кетейік, 2023 жылы республикалық бюджетте экономикалық ұтқырлық сертификаттарын ұсыну үшін 10,1 млрд теңге көзделген, олар жалпы сипаттағы трансферттер арқылы жергілікті атқарушы органдардың бюджеттеріне берілді. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қоныс аударушыларға 7 жылға жылдық 2,5%-бен шағын несие алуға мүмкіндік беріледі. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 100 млрд теңгеге жуық қаражат көзделген, - дейді Әлихан Смайылов.

Тұтастай алғанда, уәкілетті орган ішкі көші-қонды реттеу және осы саладағы саясатты жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін а.ж. наурызда Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды (Үкіметтің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 270 қаулысымен бекітілген), онда шекара маңындағы аумақтарды дамыту іс-шаралары көзделген. Атап айтқанда, жұмыс күші тапшы облыстардың шалғайдағы солтүстік және шығыс шекара маңындағы ауылдық округтерінде жұмыс істеу үшін бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша жалақыға 50% ауылдық үстемеақы енгізу мәселесі пысықталатын болады. Табиғи-климаттық жағдайлары ерекше (жылыту маусымы 9 ай) шекара маңындағы шалғай ауылдық округтердегі бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша еңбек қызметін жүзеге асыратын тұрғындар үшін оларды әлеуметтік және еңбекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі қаралатын болады, - деді ол.

Қаулыда ҚХР-мен шектесетін шекаралас аудандардың (Катонқарағай, Большенарым, Күршім, Марқакөл, Мақаншы және бақалары) әкімшілік-аумақтық маңыздылығын арттыруға ерекше назар аударылды.

Осылайша, аталған қолдау шаралары шекара маңындағы аумақтардың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін болады. Ауылдық елді мекендер тізбесімен ауылдық аумақтарды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толыққанды ақпаратты Ұлттық экономика министрлігі жолдайтын болады. Жалпы, депутаттық сауалда көтерілген ауылдық және шекара маңындағы аумақтарды дамыту, сондай-ақ республика тұрғындарын жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудару мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында болады, - деді премьер-министр.

Перизат Саденова
Бөлісу: