Еліміздің сирек қорында VIII ғасырдағы Құранның көшірмесі бар - ғылыми қызметкер

15 Тамыз, 15:50 2306

Кітап - құнды қазына. Оның айтары ішінде. Президент Қасым Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық құрылтайда жастарды кітап оқуға баулу керектігін алға тартып, сол кезде ғана жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз деген болатын. Қазіргі кезде өскелең ұрпақтың бойына кітапсүйгіштік қасиет дарыту – басты мақсат-мүдде. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлерінен рухани азық алуға оқырмандар қаншалықты жиі келетіні жайлы сұрап-білді.

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек»,-деген болатын.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханадағы Сирек кітаптар мен қолжазбалар секторының басшысы Дариға Дауренбекова «Сирек кітаптар қоры – кітапхананың қазынасы» деп отыр.

Бүгінде кітапханамыздың қоры миллион жарым болса, оның ішінде 13 мыңнан астамы - сирек кітаптар мен қолжазбалар. Кітаптар мен қолжазбалардың барлығы кітап мұражайында топтастырылған. Бұл – әлемдік тәжірибе. Барлық сирек қор топтамаларға бөлінеді. Әр топтама бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, топтаманың каталогы жасалады. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры – кез келген кітапхананың қайталанбас басылымдары, - деді сектор басшысы.

Фото: Арман МҰХАТОВ

Сирек қордағы кітаптар мен қолжазбаларды алуға рұқсат жоқ. Сол себепті топтамаларға каталог жасалып, кітапханаға келген оқырмандарға ұсыналады. Көбіне ғалымдар келіп, сирек қордан өзіне қажеттіні тауып жатады. Сол себепті каталогтар әзірленіп, оқырмандарға ұсынылады.

Бізде сирек кітаптар топтамасы бар. Бұл кітаптар қазақ халқының әр жылдардағы жазу-сызуын қамтиды. 900 жыл аталарымыз араб қаріптерін қолданған. 1929-1940 жылдары латын әріптеріне ауысқан болатын. 1940 жылдан осы күнге дейін латын әріптерімен жазып жүрміз. 1929-1940 жылдары - латын әріптерімен жазылған қазақ оқулықтарының өрлеу кезеңі болды,-деп нақтылады ол.

Бұл жылдары сауатты адамдар қатары аз болды. Енді-енді алғашқы қазақ оқулықтары баспадан шыға бастаған кез еді. Оқулықтар мен кітаптардың авторлары, яки қазақ зиялыларының көбі сол жылдары атылып кетті. Олардың арасында Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров бар.

Қаныш Сәтпаевтың қазақ азаматтарына арнап жазған алгебра мен физика оқулықтары да кітапхана көрмесінде көрсетілген. Латын әріптерімен шыққан кітаптардың да топтамасы жинақталған.

Дариға Дауренбекова екі жыл тынбай ізденіп, осы сирек кітаптар мен газет-журналдардың каталогын жасап шыққанын айтып отыр. «Әбден пісіп-жетілген каталог»,-дейді өзі.  

Фото: Арман МҰХАТОВ

Фото: Арман МҰХАТОВ

Латын графикасымен шыққан кітаптардың топтамасы мерзімі көрсетілген соң ретроспективалық деп аталады. Екі томнан тұрады. Бірінші том 3 мыңнан астам кітапты қамтыса, екінші том мыңнан астам газет-журналдан тұрады. Несімен қызық десеңіз? Бұл - заман талабына сай, замануи негізде жасалған томдықтар. Әр беті цифрланған, сілтемесі мен кюар коды бар. Әр нөмірі электронды форматта ашылады. Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің оқырмандары үйлерінен шықпай-ақ бұл кітаптар мен газет-журналдарды оқи алады,-деп нақтылады Дауренбекова.

Кітапханада балаларға арналған «Пионер» журналы да бар. Сондай-ақ әртүрлі саланы қамтитын оқулықтар мен саяси басылымдарды кездестіруге болады. Қызықты кітаптар қатары көп. Сілтеме мен кюар код арқылы оп-оңай ашылады. Электронды форматтағы кітаптар толығымен дерлік Kazneb-ке жүктелген. Kazneb - электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогы. Бұл платформада 77 мыңнан астам толық мәтінді контент бар. Кез келген адамға қолжетімді. Бүгінде әлемнің 100-ге жуық елінің кітап сүйерлері каталогтағы кітаптарды оқи алады. Ұлттық электронды кітапханаға қанша оқырман кіріп, қанша кітап оқылатыны тіркеліп, белгіленіп отырады. Электронды каталог 2007 жылы ашылып, 70 мыңнан астам кітап, журнал, мақала, сирек кітаптарды топтастырып отыр. Олардың 10  мыңнан астамы – сирек кітаптар. Kazneb-ке кітапхана ғана емес, еліміздің барлық кітапханаларындағы мұрағаттар енгізіледі.

Біз еліміздегі барлық кітапханамен тығыз байланыстамыз. Өлкетануға қатысты кітаптарды жүктеуге өтініш жасаймыз. Бұл - біздің тарихты баяндайтын кітаптар. Kazneb-те кез келген өңірге қатысты ақпаратты табуға болады, - деді сектор басшысы.

Фото: Арман МҰХАТОВ

2014 жылы кітап мұражайы ашылды. Кітапхананың 10 жылдығына арнайы 2016 жылы алғаш рет Сирек қор деп бөлек бөлім ашылды.

Сирек қордағы кітаптар, қолжазбалар мен газет-журналдарды оқырмандардың өздері сыйлап жатады. Қорға Президент орталығынан көп кітаптар әкелінді. Бұл кітаптардың дені Сейфуллин облыстық кітапханасының негізінде жиналып, Астана астаналық статусқа ие болған соң президенттік орталыққа көшірілді. Кейіннен орталық жабылып, ондағы құнды жәдігерлер Ұлттық академиялық кітапханаға табысталды.

Президенттік мәдениет орталығынан келген қор бірегейлігімен ерекшеленеді. Олардың арасында Ақмола облысына қатысты 100 кітап бар. Бұл - өте сирек кітаптар. 2016 жылы Алматыдағы республикалық кітап музейі жабылған кезде де ондағы қор Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға берілді. Олардың арасынан ең сиректері таңдалып алынды.

Бүгінде біздің қорда 13 мың кітап бар. Олардың 500-і - араб графикасымен жазылған кітаптар. 156-сы - қолжазбалар. Алматыдағы арнайы маман оқып, баспаға түсіріп жатыр. Шыңғыс деген қызметкеріміз литографиямен жұмыс істеп, басылып шыққан кітаптармен айналысады. Қолжазбаларды басқа маман аударады. Ғылыми жұмыс жүргізілуде. Мұқият оқылып, жүйеге келтіріліп жатыр. Егер құндылығы болса, аударып, бөлек кітап қылып шығарамыз, - дейді бөлім басшысы.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар секторының қорындағы ең алғашқы кітаптардың бірі - 1532 жылғы қолжазба. Ежелгі латын қаріптерімен жазылған. Ерекшелігі мұқабасы адам терісінен жасалған деседі. Бұл - жекеменшік коллекция. Қазақстанға Еуропадан әкелінген.

Фото: Арман МҰХАТОВ

Сараптама жүргізіп, мұқабасының шын мәнінде адам терісінен жасалғанын анықтадық. Кейіннен қолжазбаны оқу мақсаты тұрды. Барлық инстанцияға хабарласып, соңында қолжазбаның нотаруисқа тиесілі болғанын білдік. Нотаруис Солтүстік Италияда тұрғаны белгілі болды. Бұл қолжазба 360 беттен тұрады. Мазмұны белгісіз,-деді Дариға Дәуренбекова.  

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сирек кітаптармен қатар, танымал азаматтардың кітап коллекциялары бар. Мәселен, танымал академик, лингвист, филилог Зәки Ахметовтың кітап коллекциясын көруге болады. Зәки Ахметов - күш-жігерін қазақ, орыс, шетел поэзиясын салыстыруға арнаған жан. Ол өлең құрылымына ерекше мән берген әдебиеттанушы болған. 2,3,4 жолды ұйқастырып өлең шығару оңай болып көрінгенімен, бұл – үлкен ғылым. Ол соны дәлелдеп берді. Осы жолда аянбай тер төкті. Өкінішке қарай, ерте бақилық болып, оның кітаптар топтамасы әйелі тарапынан ұлттық академиялық кітапханаға тапсырылды. Бүгінде кітаптар қойылған 4 сөре бар. Олар ғалымдар мен лингвистердің тарапынан жоғары сұранысқа ие.

Фото: Арман МҰХАТОВ

Қызықты коллекциялар қатарына қолтаңбалары бар кітаптарды жатқызуға болады. Кітапханада танымал тұлғадарға арналған жеке залдар бар. Мәселен, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Тұрсынбек Кәкішев, Нұрғожа Ораз сияқты қазақстандық авторлардың залы бар.

Біздің қорда танымал тұлғалардың сыйға берген кітаптары бар. Біз соларды сұрыптап, брошюралар жасаймыз. Қолтаңбалары бар кітаптардың топтамасы бар. Бір сөреде танымал қазақстандық автор Хамит Ерғалиев кітаптарының топтамасы орналастырылған. Оның топтамасында Расул Гамзатов, Василий Распутин сияқты кеңес заманының авторларының, АҚШ-тың 24 президентінің (Барак Обама, Джон Кеннеди, Джордж Буш), әлемдік әдебиет классиктерінің қолтаңбалары бар. Мәселен, Эмиль Золя, Ги де Мопассан, Антуан де Сент Экзюрпери, тіпті Джон Леннонның қолтаңбаларын қордан кезіктіре аласыз. Бұл коллекция ғылыми айналымда, жұмыс жүргізіліп жатыр. Толықтай ғылыми айналымға енгізген соң, оқырмандарға да қолжетімді болады,-деп түсіндірді ол.

Фото: Арман МҰХАТОВ

Кітапханада Хасен Оралтай кітаптарының топтамасы бар. Хасен Оралтай - ешқашан қазақ жерінде өмір сүрмеген жан. Ол - Қытайда туып, Түркияда оқып, өмірінің соңғы жылдарын Мюнхенде өткізген азамат. Ұзақ жылдар бойы Азаттық радиосын басқарды. Ол 2011 жылы қайтыс болды. Өмірден өткен соң оның барлық кітап қоры «Мәдени мұра» акциясының шеңберінде атақты академик Рымғали Нұрғали Мюнхеннен арнайы әкеліп, кітапханаға тапсырды. «Азаттық» радиосынан сөйлеп тұрмыз!» кітабында Хасен Оралтайдың "Азаттық" радиосында жүргізген бағдарламалары топтастырылған 61 аудиокассета цифрланып, дәстүрлі кітап нұсқасына көшірілді. Бұл кісі ең алғашқылардың бірі болып Желтоқсан оқиғасы туралы шетелге хабарлаған деседі.

Фото: Арман МҰХАТОВ

Бізде Рахиля Нұриден есімді ғылыми қызметкер бар. Ол осы жинақтарды құрастырумен айналысады. Бүгінгі таңда екеуі дайын, үшіншісі аяқталуға жақын қалды. Кітапханада Құранның үлкен топтамасы бар. Оны біздің арабист ғалым зерттеу үстінде. Біз оған кітапты электронды түрде жіберіп, соңынан каталог жасаймыз деген ойдамыз,-деді Дариға Дауренбекова.

Кітаптарды кез келген адам тапсыра алады. Екі жыл бұрын Ақмола облысында тұратын оқырман кітапханаға сый әкеледі. Оның атасы танымал адам болған көрінеді. Адамдарды емдеумен айналысқан екен. Саяси қуғын-сүргін кезінде елден кетуге мәжбүр болып, Ресейге қоныс аударған болатын. Сол жақта көз жұмған емші ата, елде жүргенінде біраз кітаптарын үй ауласындағы жерге көміп кеткен екен. Жақындары мен ұрпақтары аулада жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде жерден бір бума кітап қазып шығарған екен. Арасында Құран кітабы да болыпты. Осылайша «жерден шыққан» Құран кітабы академиялық кітапханаға әкелініп, сыйлық ретінде табысталды.

Фото: Арман МҰХАТОВ

Тарихы бар кітаптар көп. Мәселен, Өзбекстанның екі әміріне арналып парсы тілінде жазылған қолжазба бар. Оны зерттеу үстіндеміз. Бізде 1831 жылы Әлішер Науаидің өлең шумақтарын өз қолымен көшіріп жазған Самарқанидің қолжазбасына дейін сақталған,-деді ол.

Кітапхана көрмесінде Әліппелер әлеміне арналған сөре орналасқан. Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуымен жазылған әліппесінің түпнұсқасы да бар. Сон соң латын және кириллицамен жазылған әліппелер де топтастырылды. Тіпті ұйғыр тіліндегі әліппені де кезіктіруге болады.

Айта кету керек, кітапхана мұражайында кітап қана емес, экспонаттар да бар. Мәселен, Шора Сарыбаевтың үстелі мен креслосы сақталған.

Фото: Арман МҰХАТОВ

Түркітанушы, РhD доктор, ҚР ҰАК Сирек кітаптар мен қолжазбалар секторының ғылыми қызметкері Шыңғыс Бегімтаев қазақ жазуларының тоқталып, тарихынан сыр шертті.

VII-VIII ғасырларда тасқа қашалған жазулар болды. Ислам діні келіп, араб қарпіне өттік. Қолжазбаларда дін, құқық туралы көп жазылды. Көк түріктер жазуы әр таңбаның бір сөз болғанымен ерекшеленген. Мәселен, бір сөзді жазу үшін «р» әрпі керек болса, «ер» деп жазып қолданған көрінеді. «Т» әрпі қажет болса, «ат» сөзін қолданған. Сол себепті ойланып оқу қажеттігі туындаған. Ислам дінін оңай қабылдауымызға жазуымыздың ұқсастығы әскер еткен болса керек. Себебі арабтар да оңнан солға қарай жазады. оқиды. Оқылуы қиын болғанымен, уақыт өте араб қарпіне де өттік. Мұның өз – прогресс,-деп түсіндірді Шыңғыс Бегімтаев.

Кітапханада 17 ғасырдан бастауын алатын көне кітаптар бар. Алғашқы Құрандардың бірі - VIII ғасырдағы Құранның көшірмесі.

Араб жазуы бірнеше түрге бөлінеді. Куфийлік жазу дейді. Мұны арнайы оқымаған адам оқи алмайды. Өз басым араб тілін білгеніммен, арнайы оқуын оқымаған соң, жазуды оқи алмаймын,-дейді ол.

Құранның авторы – Алла. Ал қағазға түсіріп жазған адам көп жағдайда өз атын көрсете бермейді. Десе де арасында өздерін атап кететіндер болады. Араб жазуымен жазылған кітаптар 17 ғасырдан басталады. Олар шағатай, түркі тілдерінде жазылған. Қырғыз, өзбек, ұйғыр, түркімен және т.б. тілдерде жазылған кітап жинақтары да бар. Бұл бөлімге кез келген адам келіп, кітаптарды қарай алады. Бастысы қолмен ұстамаса болғаны. 155 қолжазба мен баспадан шыққан 600-ден астам кітап сақталып отыр. Тақырыптары – дін, тарих, әлеуметтік ғылымдар, тіл, араб грамматикасы, романдар және т.б. Биология, география тақырыптары да қамтылған. Абай атамыздың төте жазумен жазған кітаптары да топтастырылған. Түпнұсқа қолжазбалар да жетіп артылады. Сондай-ақ, кітапханада Абайдың баласы Тұрағұл аударған Джек Лондонның «Бала ерлігі» деген бір кітабы бар. Кітапта автор Тұрағұл деп өзінің атын жазып қалдырған көрінеді.

Революцияға дейін араб жазуы екіге бөлінді: қадымша және жаңаша (ескіше, жаңаша деген мағынада). Революцияға дейін Байтұрсынов әліппиінің өзі қиын графикамен жазылған көрінеді. Көбінесе дауыссыздар жазылып, дауыстылары түсіп отырған. Арабтың графикасы - сондай. Қаңқасын білген адам мағынасына қарай оқып кете береді,-деп түсіндірді ғылыми қызметкер.

Бұрын медреседе балаларды екі ай оқытқан. Молдалар ұрып оқытқан соң, қазақтың балалары дамымады. Оқуға бармады. Оқығысы келмеді. Алаш зиялылары осыған ашынып, «татарлар, ноғайлар дамып кетті, ал қазақтың балалары мал бағып жүр» деп күйінді. Олар оқуды жеңілдету мақсатында жаңа әдіс ойлап табады. Әр дыбысқа бір әріп береді. Оқылуы да оңай. Араб тілін білмесе де, осы әліппені үйренген адам оңай оқып кете береді. Осындай жаңа әдістегі әліппелер 1923 жылдан бастап шығарыла бастады. Революциядан кейінгі кітаптар, Байтұрсыновтың әліппесі сол графика бойынша жазыла бастады. «1929 жылы латын әрпіне өттік. Одан кейін төте жазу біз үшін ұмыт боп кетті. Революцияға дейінгі шағатай тілінде жазылған кітаптарды алсақ, оның да өзі бірнеше тармаққа бөлінеді. Шағатай тілі болмаған. Оны орыс ғалымдары ойлап тапқан. Ал ортағасырда бүкіл түркілер қолданған түркі тілінің жеңілдетілген және қиын түрі бар. Алғашқы кезеңде қиын жазылғанымен, кейіннен жеңілдетілді.

Кітапханада Джалаладдин Руми деген кісінің шәкірті жазған кітап пен Әлішер Науаи, Әл-Фараби трактаттарының көшірмелері бар. Құрбанғали Халидидің қазақ пен түркілер тарихы туралы «Шығыстың бес тарихы» деп аталатын кітабы да осында. Сол кітаппен жұмыс істеп, аударып жатырмыз. Бүгінге дейін екі том шығарып қойдық-деді Бегімтаев.  

Зерттеуші-ғалым Бахтияр Бәпи де тысқары қалмай, ойымен бөлісе кетті. 

Барлығы альтруистік тұрғыда басталды. «Осыны аудар, ақшасын төлейміз» деген әңгіме болмады. Бара-бара ғана үлкен жобаға айналды. Ғылым және жоғары білім министрлігі жоба тапсырып, осы жолда жұмыс істеудемін. Қазір ресми түрде кириллицаны пайдаланғанымызбен, біздің қоғам «қаймақтарымыз», интелегенциямыз кезінде төте жазуды қолданғанын айта кеткім келеді. Түркияда оқып жүргенімде байқағаным, ол жақта кез келген профессор, қарапайым бакалавриатта оқитын филолог, тарихшы болсын бұл графиканы білуге міндетті. Соларға қарап намысқа салып, мен де үйренуге тырыстым. Мүйізі қарағайдай ағаларымыз төте жазуды түсіп-білу маңыздылығын үнемі ескертіп отыратын. Бірде профессор қажетті кітаптар тізімін беріп, кітапханаға жіберген-тін. Сөйтіп, кітаптардың электронды нұсқасын әкелдім. Ол кітаптарды қабылдамай, қағаз түріндегі кітап әкелуімді сұрады. Осылайша, осы кітапханадағы кітаптарды апарып, көрсеттім. Жалпы кітап тұпнұсқасы мен аударылып басылған кітаптардың мазмұнында айырмашылық байқалады. Тіпті едәуір үлкен десе де болады. Бұған себеп - ұрпақтар сабақтастығының болмауы мен кеңес заманының қалдығы. Кітапты ерекше мән беріп оқыған дұрыс. Оны күн сайын 12 сағаттап бас алмастан оқудың қажеті жоқ»,-деді Ұлттық кітапхананың тұрақты оқырманы.

Шыңғыс  Бегімтаев кітапхана қорында түрік-татар тарихы мен Құранның нұсқалары көп деп сендірді. Құрандардың өзі әртүрлі жылдары жазылған. Арасында қолмен жазылғандары бар. Баспа сияқты болған соң, оларды ажырату да қиынға соғып жатады. Авторлар өздігінше түсінген соң, мазмұнында сәл айырмашылық болуы мүмкін. Араб тілінің ерекшелігі - көп сөздер 10-15 мағынаны білдіруі мүмкін. Сондықтан әр автордың әртүрлі түсінуі - заңдылық.

21 наурызда АҚШ-тағы Гарвард университетінде «Орталық Азияның кітап мәдениеті» тақырыбында семинар өтті. ҚР Ұлттық кітапханасының атынан Шыңғыс Бегімтаев қатысып қайтты. Басқосуға ескі жазуларды білетін ғалымдар шақырылыпты. Қазақстан атынан Бегімтаевпен қатар, Яссауи университетінен бір ғалым онлайн қосылыпты. Олар біздің кітапхана туралы баяндап, тәжірибе алмасқан. Сондай-ақ, Германия мен Америка елдерінде қолжазбаларды қалай сақтау қажеттігін біліп қайтқан көрінеді. Шетелдік ғалымдар біздің кітаптарымызға қызыққаны соншалық, жақында өздері келіп, танысып кетіпті. Мұның өзі – тарихи сәт.  

Сирек кітаптардың көбі халық қолында сақталған. Кеңес дәуірінде араб жазуымен жазылған кітаптың барлығы діни болып саналған. Біреудің үйінен табылса, иесі түрмеге тоғытылатын. Сол себепті бұл кітаптар көзге көрінейтін жерде сақталған еді. Сондай кітаптардың көбі  сандықтың түбінен шығып, «ата-баба аманты» ретінде кітапханаға тапсырылуда. Бір қызығы, көрден шығарылған кітаптар да бар. Ескілігі соншалық, өсімдіктің тамыры шығып, парақтары үгітіліп кеткен. Бұл кітаптар мен қолжазабаларды докторанттар мен  магистранттар іздеп келіп жатады. Кей кездері кітапханаға оқушылар экскурсияға келеді. Жалпы өскелең ұрпақтың бойында кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру үшін бала кезінен оқуға баулу керек. Телефонға танымдық контент салу да маңызды, - деп қорытындылады ғылыми қызметкер.

«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек». Бұл - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Сол себепті бұл сөздерді екі етпей, қоғамда кітапты сүйіп оқуы мәдениетін, кітапханаға бару әдебін қалыптастырсақ, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз. 

Айнұр Оспанова
Бөлісу: