Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың қазан айында еліміздегі жылдық инфляция 12,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш қыркүйектегі 12,9 пайызбен салыстырғанда біршама төмен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Толық талдау нәтижесінде инфляцияның 10 өңірде бәсеңдегені, 6 өңірде керісінше жеделдегені, ал 4 аймақта өзгеріссіз қалғаны анықталған.
Азық-түлік бағалары қазанда жылдық есепте 13,5 пайызға өскен. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау облысында тіркеліп (16,7%), ең төмен деңгей Алматы қаласында байқалды (10,4%).
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобы бойынша өсім 11,0 пайыз болды. Бұл категорияда Ақтөбе облысы көш бастап (14,0%), Алматы қаласы ең төменгі көрсеткішті көрсетті (8,5%).
Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсімі де баяулап, қазан айында 12,9 пайызға түсті. Бұған дейін қыркүйекте бұл көрсеткіш 15,3 пайыз болған. Қызылорда облысында ақылы қызметтер бағасы республикалық деңгейден төмен 8,6 пайыз.
Ал айлық инфляция қазан қорытындысы бойынша 0,5 пайызды құрады.