Бұл туралы премьер-министрдің қатысуымен өткен Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.
Министрлік көлік саласын цифрлық трансформациялау картасын бекітті. Құжатқа бірнеше ірі жобалар енгізілген:
2027 жылға қарай 10 халықаралық әуежайда биометриялық сәйкестендіру жүйесі іске қосылады. Жолаушылар кейбір рәсімдерден құжатсыз, автоматты түрде өте алады. Бұл кезектерді қысқартып, тіркеу мен бақылау уақытын айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді.
Теміржол мен шекарадағы цифрлық жаңғырту
Коняшкиннің айтуынша, қазіргі уақытта мультимодальды тасымалдардың 50 бизнес-процесіне талдау жасалып, негізгі мәселелер анықталды:
шекаралық рәсімдердің күрделілігі, жүктер қозғалысын бақылаудың әлсіздігі, деректер алмасудың жеткіліксіздігі.
Мәселені шешу үшін:
• SmartCargo бірыңғай платформасы іске қосылды;
• Құжаттар толық электрондық форматқа көшірілуде;
• Өзгерістер жүк тасымалдауға қатысты рәсімдерді 80%-ға дейін жеңілдетеді.
Сондай-ақ Astana Hub экожүйесінде көлік-логистика саласына бағытталған 30 стартап жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде:
• Relog.ai – жасанды интеллект негізінде соңғы миль логистикасын оңтайландыратын платформа (шығындарды 40%-ға дейін қысқартады);
• MultiCode – теміржол тасымалдарын жоспарлау және вагон паркiн басқаруға арналған цифрлық жүйе.
Қаржы және көлік министрліктерімен бірлесіп «Транзит» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Ол навигациялық пломбалар арқылы жүк қозғалысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді.
• Қазір жүйе 7 теміржол станциясында, 11 автокөлік бекетінде жұмыс істеп тұр.
• ЕАЭО аумағында толық енгізу 2026 жылдың ақпанына жоспарланған.