Еліміздің Тәуелсіздік тұғырына көтерілгеніне 29 жыл

15 Желтоқсан 2020, 13:59 4178

Қазақстан туралы сіз білуге тиіс 10 дерек

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялады. Жыл сайын 16-17 желтоқсан күндері еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтіледі. Бүгін біз Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан туралы басты деректерді бөліспекпіз.



  1. 1990 жылдары еліміздегі халық саны 17 миллионнан 14 миллионға дейін азайып кеткен еді. Бүгінде бұл сан едәуір өсіп, халқымыз 18,7 миллионнан асқан.

2. Қазақстанда мерекелер ұлттық және мемлекеттік болып бөлінеді. Мемлекеттік мерекенің саны тоғыз болса, ұлттық – біреу. Жыл басынан басталатын Жаңа жыл – 1-2 қаңтарда, Әйелдердің халықаралық мейрамы – 8 наурызда, Әз Наурыз – 21-23 наурызда, Қазақстан халықтарының бірлігі күні – 1 мамырда, Отан қорғаушылар күні – 7 мамырда, Жеңіс күні – 9 мамырда, Елорда күні – 6 шілдеде, Конституция күні – 30 тамызда, Тұңғыш Президент күні – 1 желтоқсанда, сондай-ақ Тәуелсіздік күні – 16-17 желтоқсанда тойланады.

3. Қазақстан 2 миллион 724,9 мың квадрат километрді алып жатқан жер көлемімен дүниежүзінде тоғызыншы орында тұр. Оның басым бөлігі дала емес, шөл мен шөлейтті жерлер. Сонымен қатар еліміздің жеті мың шақырымнан асатын Ресеймен шекарасы әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара саналады.

4. 1997 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы ресми шешім қабылданды. Қала жаңа Астана атауын алды. Ал 2019 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен қызметтерінің құрметіне елордасы Нұр-Сұлтан болып өзгертілді.

5. 2019 жылы Қазақстан Doing Business рейтингісінде Исландия (26-орын), Австрия (27-орын), Ресей (28-орын), Жапония (29-орын) сияқты елдерден озып, 25-орынға ие болды. Doing Business Ranking – Дүниежүзілік банк тобының жыл сайын 190 елді өзара салыстырып, баға беретін зерттеу рейтингі. 2016 жылы 35-ші, 2014 жылы – 77-ші орында тұрған еліміз үшін бұл үлкен жетістік еді.

6. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда қылмыстық жауапқа тартылғандарға тоғыз мәрте рақымшылық жасады. Олардың бірі 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілді.

7. 2019 жылдың 19 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 28 жылғы Президенттіктен кейін мемлекет тізгінін сол кезде ҚР Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды.

Тұңғыш Президент сол күнгі Қазақстан халқына үндеуінде: «Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық.

Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Сондай-ақ, елімізді одан әрі өркендету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс.

Әлеммен бірге біз де өзгеруге тиіспіз. Жас қазақстандықтарға айтарым: тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір.

Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер», - деп сөзін қорытындылады. Бұл әлемдік саяси аренадағы бейбіт түрде берілген биліктің бірден-бір айқын мысалы, сондай-ақ ең ұтымды шешім ретінде есте қалды.

8. 1990 жылдары елімізде зауыттар мен фабрикалар бос қалып, дағдарыс кезеңі басталды. Ал бүгінгі күні елде 1,3 мыңнан астам зауыт салынып, еліміз өз өнімдерін әлемнің 120-дан астам еліне экспорттайды.

9. Тәуелсіздік жылдары ішінде 1 миллионнан астам отандастар, этникалық қазақтар елге оралды. 1992 жылы қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығы құрылып, алғаш рет Алматыда құрылтай өтті. Содан бері мерзімді түрде құрылтайда алыс-жақын шетелдегі қазақтар бас қосып келеді. Этникалық қазақтарға қатысты айтылатын «оралман» термині заңды түрде туыс, бауыр мағынасын беретін «қандас» сөзімен ауыстырылды.

10. Қазақстанда республиканың әртүрлі аймақтарына жетуді жеңілдететін көлік жүйесі құрылды. Егер бұрын Нұр-Cұлтаннан Алматыға пойызбен жету үшін бір күн қажет болса, қазір 12 сағат мерзімде жетуге болады. Сондай-ақ пойызбен төрт-бес күнде жететін Атырау-Алматы қалаларының арасы бір жарым күн уақытқа дейін қысқарды. Тәуелсіздік жылдары ішінде 99 халықаралық әуе жолы ашылды.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: