Елімізден Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолы іске қосылады

18 Мамыр 2023, 10:45 1092

Мемлекет басшысы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде экономикалық ықпалдастығымызды тереңдетуге мүмкіндік беретін бағыттарды атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олар:

  1. Энергетика саласындағы байланысты нығайту.
    2. Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру.
    3. Электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру.
    4. Агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту.
    5. Құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту.
    6. Туризм саласын дамыту.
    7. Қаржы саласындағы серіктестікті нығайту.

Президент еліміздің Қытайдың «Бір белдеу – Бір жол» бастамасын жүзеге асыру ісінде негізгі серіктестің бірі екенін атап, Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынын еске салды.

Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту барысында осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңа туристік бағыттар ашылып, еліміздің 13 қаласына «Ашық аспан» режимі енгізілгенін айта келе, Қазақстан Қытай үшін тартымды бағыт бола алатынын тілге тиек етті.

Қазақстан қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз, - деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: