Еліміздегі қарашай халқының тұрмысы мен салт-дәстүрі

6 Қазан 2020, 15:00 11123

Қарашайлар – түркітілдес Кавкас халықтарының бірі

Солтүстік Кавказдағы түркітілдес халықтарына кіретін қарашайлар Қарашай-Шеркеш республикасының жергілікті тұрғындары болып табылады. Бұл халықтың қалыптасуына жергілікті кавказдықтар, аландар, бұлғарлар және қыпшақтар себеп болған.


Қарашайлар – алтай тілдік тобы солтүстік-батыс (қыпшақ) бөлігінің түркі тармағының қарашай-балқар тілінде сөйлейді. Қарашай-балқар тілі қарашай-бақсаншегем («ч» диалекті) және жоғары балқар («ц» диалект) деп екі диалектіге бөлінеді. Әдеби норма қарашай-бақсаншегем диалектінің негізінде қалыптасқан болатын. Олардың жазу үлгісі ХХ ғасырдың 20-жылдарында араб жазуының негізінде қалыптасты. 1924 жылы қарашай тілі латын қарпіне, 1936 жылы – кирилл жазуына ауысты.

Қарашайлардың Қазақстанға келу тарихы

Қарашайлар күшпен жер аударылған алғашқы халықтардың бірі. Олар 1922 жылы 12 қаңтарда Ставрополь өлкесінің құрамында құрылған Қарашай-Шеркеш автономиялық облысын шамамен алғанда бүкіл халықтың 1/3 құрады. 1926 жылы Қарашай-Шеркеш автономиялық облысын Қарашай автономиялық облысына және Шеркеш ұлттық округіне бөлді. 1939 жылы КСРО-да қарашайлардың саны 75 763 адамға жетіп, олардың 70301-і Қарашай автономиялық облысында өмір сүрді.

Қарашайлар фашистік Германияға қарсы шайқастарға белсенді түрде қатысқан. Солардың ішінде он бес мың қарашай түрлі әскери ордендермен және медальдарға қол жеткізді. Олардың алтауы Кеңес Одағының батыры атанды. 1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың қаңтарына дейін Кеңес әскерінің мәжбүрлі түрде кері шегінудің нәтижесінде қарашайлардың территориясы оккупацияға ұшырады.

1943 жылы 12 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңес төралқасының Жарғысымен Қарашай АО таратылып, 14 қазанда қарашайларды көшіру туралы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің жабық Қаулысы қабылданды. Облыстан Қазақстан мен Орталық Азияға 14744 отбасы және жалпы 69267 адам көшірілді. Олардың 11 711 отбасы (45 529 адам) Жамбыл және Түркістан облыстарына, 5790 отбасы (23300 адам) Қырғызстанға, 95 отбасы (353 адам) Өзбекстанға қоныстандырылды. Қарашайлардың көшіру күшпен әрі қысқа уақыт ішінде жүзеге асырылды.

Өткен ғасырдың 50-жылдардың аяғында жер аударылған халықтарға тағылған негізсіз айыптар алынды. 1957 жылы 9 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңес төралқасы «Шеркеш автономиялық облысын Қарашай-Шеркеш болып қайта құру» туралы Жарғыны жариялады. Осылайша, қарашайлардың мемлекеттілігі қайтадан қалпына келтірілді. 1957-1959 жылдары 20514 отбасы (73442 адам) өз тарихи Отаны – Қарашай-Шеркеш автономиялық облысына қайта оралды.

ІІХК-ның арнайы қоныстанушылар бөлімінің мәліметтері бойынша 1944-1948 жылдары күштеп жер аударылған шешендердің, ингуштардың, балқарлар мен қарашайлардың 144 704 адамы, соның ішінде Қазақстанда 101036 адам түрлі себептерден көз жұмды. 1947 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстанда қарашайлардың 4924 отбасы немесе 17 269 адам тіркелді.

1970 жылғы Бүкілодақтық санақ бойынша Қазақстандағы қарашайлардың саны 2447 адамға тең болды. 1970 жыл мен 2009 жылдың арасында олардың республикадағы саны 2,5 есеге қысқарды. Дегенмен, түрлі себептердің салдарынан балқарлар мен қарашайлардың 12%-ға жуығы Орталық Азия елдерінде қалып қойды. 1989 жылғы Бүкілодақтық санақ бойынша Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңында, негізінен Қазақстан мен Қырғызстанда 4743 қарашай (жалпы санынан 3,1) өмір сүрді. 1999 жылы Қазақстанда жүргізілген санақ бойынша елімізде небәрі 995 ғана қарашай ұлтының өкілдері қалған болатын. Ал 1999 жылғы санақ бойынша Қазақстан өмір сүрген қарашайлардың 61,7% туған тілі ретінде өз ұлтының тілін санады.

2009 жылы 995 қарашайдың 389-ы (39 %) қалаларда, 606-ы (61 %) ауылды жерлерде өмір сүрді. Қарашайлардың шағын топтары негізінен Алматы және Жамбыл облыстарында, Павлодар облысының Шербақты және Успен аудандарында, Алматы, Талдықорған, Астана, Тараз және Шымкент қалаларында орналасқан.

Қазақстандағы қоныстану және саны

Ресейдегі саны – 218 403 адам (2010 жылғы санақ бойынша), Қарашай-Шеркеш республикасында – 194 324 адам, қарашайлар республика тұрғындарының 41% құрайды. Сондай-ақ олар Орталық Азияда, Түркияда, Сирияда, АҚШ-та өмір сүріп, ХІХ ғасырда Кавказдан ауып кеткен мұхажирлердің ұрпақтары болып табылады.

Қарашайлардың көп бөлігі (169,2 мыңадам) Қарашай-Шеркеш республикасының территориясында өмір сүреді. Қарашайлар Теберда, Қарашай және Усть-Жегута қалалары тұрғындарының басым бөлігін құрайды. Қарашайлардың айтарлықтай бөлігі Ставрополь өлкесінде, Кисловодск және Предгорный аудандарында (15,2 мың адам) тұрады.Қарашайлардың шаруашылық кешенінің негізін отарлы мал шаруашылығы және террасалық егін шаруашылығы құрап, қой (биязы жүнді мериностар), ешкі, жылқы мен сиыр өсірумен айналысады. Жазды күндері малды ашық жайылымдарда, қыста – жер мен борандардан қорғалған сайларда жайды. Сонымен қатар, астық тұқымдастарды, картопты, ал ХХ ғасырдан бастап күнбағысты, қант қызылшасын өсірумен айналысты.

Қарашайлардың абсолютті көпшілігі – мұсылман-сүниттер. Дегенмен тұрмыстық халық наным-сенімдерінде, салт-дәстүр мен фольклорда христиан дінінің, көне түркі және кавказ наным-сенімдерінің ықпалы сақталған. Қарашайда (Балқарияда да) көптеген фетиштер үстем етіп, оларға табыну көпшілік сипатқа ие болды. Мысалы, Худес мекенінде қарашайлар «Қарашай Құдай Тасына» табынды. Адат нормалары, тарих, өнегелік өсиеттер және әдеп қағидаларының жиынтығы болған «Өзден әдет» әдеп кодексінің талаптары мен ережелерін сақтауға көп көңіл бөлінді.  

Қарашайларда өмірдің барлық тұстарын (үйлену, жерлеу, тұрмыс мәселелері, отбасылық шешімдерді қабылдау және тағы да басқа реттейтін ежелден қалыптасқан бай дәстүрлері бар. Қарашайлар – қонақжай халық. Жасы үлкендерді сыйлау атадан келе жатқан заң. Осы күнге дейін олар әйел мен қыз баланың тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Қарашайлықтың ата-анасына тіл тигізу кешірілмейтін қателік деп саналады.

Қарашайлар тамақтануының негізгі азығы – қой еті. Сонымен қатар, ешкі, сиыр және құс еті кеңінен пайдаланады. Етті пісіріп және шикілей жейді. Сыйлы қонаққа асылған жарты қой басын алға тартады. Нандағы ет тағамдары кеңінен таралған: бәліштер (ет берек, ет хычын), манты (суу ет қатлама), тұшпара (суу ет береке). Асқа сүт тағамдарын пайдаланады. Олардың қатарында айран, ірімшік, тұздық, сүтті көжелер (күріш және арпа қосылған) бар. Ашыған айранға салып етті тұздайды. Сонымен қоса, қарашайлар өсімдік өнімдерін де ас даярлауда пайдаланады. Әсіресе жүгері, бұқтырылған дәндер (жарна), қуырылған жүгері собықтарды көбірек тағамдарға қосатын болған. Сүйікті сусындарына сыра, боза, итбүлдіргеннен, жалбыздан, шырғанақтың жапырақтарынан, қызылмиядан, әлпеншектен қайнатылған шай жатады.

Қарашайлардың ұлттық киімі

Солтүстік Кавказдың өзге халықтары мен қарашайлардың киімдері ұқсас келеді. Ер адамдардың киімдері көйлектен, шалбардан, бешметтен, шеркештен, қой немесе үлбір тоннан, киізден, теріден жүнін сыртына қаратып тігілген жеңсіз жамылғыш шапаннан және башлықтан тұрып, белдегі жіңішке белдікке әдетте пышақ немесе қанжар тағылатын болған. Жазғы бас киім – теріден жасалған бөріктер, қысқы бас киім – қой терісінен жасалған шұғалы башлық деп аталады. Әйелдердің киімдері әр түрлілігімен және жас ерекшеліктерімен айрықшаланды. Көйлектердің кеудеде қиылған тілігі және жағада түймелері болады. Ұзын әрі кең жеңдері болған қағаз немесе жібек матадан жасалған туникатиптес ұзын көйлек, қара-қоңыр түсті маталардан жасалған шалбарлар сапиян ұйықтарға немесе аяқ киімге салынады. Жейденің үстінен көйлек киіледі. Белдерін жалпақ күміс белдікпен орап, мақтада сырған жібек немесе қағаз матадан шеркеш шапанның қалпын қайталаған қаптал сынды сырт киім тігіледі. Тондар елтіріден немесе тиіннің терісінен жасалды. Әйелдердің бас киімдері биік немесе қысқа зер оқамен безендіріледі. Қыз баланың мерекелі бас киімінің үстінен үлкен орамал тағылады.

Қарашайлардың дәстүрлі үйі – екі жағы құламалы жер шатыры бар шегенді ағаш үй. Сондай-ақ тастан соғылған мұнаралы үйлер де кездеседі. Үй, қашар, қойма және өзге құрылыстар ауланы (арбаз) құратындай салынады. Ауланың төбесі көбіне жабық келеді. Жақын туыстардың үйлері қатар салынып, рулық кварталдарды құрайтын болған.

Қарашай-балқар қоғамдық бірлестіктері

«Минги-Тау» қарашай-балқар қоғамдық бірлестігі 1996 жылы тіркелген. Оның барлық мүшелері республиканың қоғамдық өміріне белсене араласады. Бірлестіктің 6 адамы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне кіреді. 2010 жылы «Минги-Тау» қарашай-балқар қоғамдық бірлестігі қарашай-балқарлардың «Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестігі болып қайта құрылды. 2000 жылы желтоқсанда жастар бөлімдері ашылып, олардыСиднейдегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері И. Байрамуков және Хусейн Геккиев басқарды. Қазіргі кезде қарашай-балқарлардың «Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестігінің жастар істері бойынша комитетке жетекшілікті И. Байрамуков және Л. Алтуева жүргізеді. Қоғамдық бірлестік қызметінің негізгі бағыттарына тілді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, мәдениетті сақтау, жаңғырту болып табылады. Тілді, мәдениетті және дәстүрді оқыту бойынша шығармашылық ұжымдардың жұмысын жүргізу, Қазақстан және Қабардин-Балқар республикалары арасында мәдени, ғылыми және өзге де байланыстарды дамыту, фестивальдерді, ұлттық мейрамдарды, Қазақстан халқының этносаралық өзара әрекет ету мәселелері бойынша конференцияларды ұйымдастыруда қарашай халқы белсенділік танытып келеді.



(Суреттер: ашық ғаламтор көзінен алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: